Семейліктер тарихи сәттен естелік фото қалдыра алады
Бүгін Семей қаласының №93 сайлау учаскесінде «Абай Ақпарат» редакциясының ұйымдастыруымен ерекше бастама жүзеге асуда. Дауыс беруге келген қала тұрғындары үшін арнайы фото-будка орнатылып, азаматтарға сайлаудан естелік ретінде суретке түсуге мүмкіндік жасалды.
Әрбір сайлаушы дауыс бергеннен кейін арнайы безендірілген фотоаймақта суретке түсіп, оны сол сәтте тегін шығарып ала алады. Осылайша тұрғындар ел өміріндегі маңызды саяси оқиғадан өздеріне естелік қалдыра алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастаманың мақсаты – сайлау күнінің ерекше атмосферасын сезіндірумен қатар, азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуын қолдау.
Сайлау учаскесіне келген семейліктер үшін бұл – өз азаматтық таңдауын жасап қана қоймай, тарихи күнді есте қалдыратын жылы естелікке ие болудың тағы бір мүмкіндігі.
Айта кетейік, фото-будка сайлау күні бойы жұмыс істейді. Сайлауға келген әрбір азамат арнайы фотоаймақта суретке түсіп, естелік фотосын тегін алып кете алады.







