Cемей30°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
462.3 538.07 5.41

Семей полигоны жабылғанына 35 жыл: ядролық сынақтардан – бейбіт атом ғылымына

Бүгін, 13:31 018.kz

Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына арналған дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин, Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов, Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Мұқанов, Май ауданы әкімінің орынбасары Әділет Сыздықбаев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев құттықтау сөзін жолдады.

Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Ғұмар Серғазин: «Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толуы — бұл өткенге көз жүгіртіп, атқарылған жұмыстарды саралайтын ғана емес, алдағы міндеттерімізді айқындайтын да маңызды уақыт. Қазақстан үшін полигон тарихы ядролық сынақтардың ауыр салдарынан бейбітшілік, қауіпсіздік және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саясатына көшу тарихына айналды», – деп атап өтті.

Дөңгелек үстелдің негізгі тақырыптары — Қазақстанның полигон жабылғаннан кейінгі жылдары атқарған жұмыстардың қорытындысы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, радиациялық қауіпсіздік және ядролық қаруды таратпау саласындағы қазіргі міндеттер жайлы болды.

1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім Қазақстанның ядролық саладағы алдағы бағытын айқындаған тарихи шешім болды. Өткен онжылдықтар ішінде еліміз ядролық сынақтардың салдарын жоюдан бастап, өзіндік ғылыми құзыреттерін қалыптастыруға, ядролық сынақтар кезеңінде жинақталған ғылыми-техникалық әлеуетті бейбіт мақсатта пайдалануға және ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық режимді нығайтуға белсенді қатысуға көшті.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы атқарған жұмыстарға ерекше назар аударылды. Кәсіпорын мамандары ондаған жыл бойы бұрынғы сынақ полигоны аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты ғылыми, техникалық және практикалық мәселелерді шешіп келеді.

ҚР ҰЯО мамандарының тікелей қатысуымен сынақ инфрақұрылымын жою және қауіпсіз күйге келтіру, ядролық қаруды таратпау режимін нығайту, полигон объектілерін зерттеу бағыттарында кешенді жұмыстар жүргізілді.

Ең ірі бағыттарының бірі — аумағы 18 мың шаршы километрден асатын бұрынғы полигонға кешенді радиоэкологиялық зерттеу жүргізу болды. Ұзақ жылғы зерттеу нәтижесінде аумақтың қазіргі радиоэкологиялық жағдайы туралы шынайы дерек, радиациялық қауіп сақталған учаскелер мен халыққа радиациялық қауіп төндірмейтін жерлер анықталды. Бұл жұмыстар бұрынғы полигон аумағын одан әрі басқару және Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру жөнінде мемлекеттік деңгейде шешім қабылдауға ғылыми негіз болды.

Талқылау барысында Қазақстанның жинақтаған тәжірибесінің халықаралық маңызы жайлы атап көрсетілді. Бұрынғы полигонда жүзеге асырылған жобалар дәйекті мемлекеттік саясаттың, ғылыми сараптаманың және халықаралық ынтымақтастықтың арқасында ядролық сынақтардан кейінгі мәселелерді шешудің мүмкін екенін көрсетеді.

Дөңгелек үстелдің жалғасы ретінде Ұлттық ядролық орталық аумағында «Бейбітшілік аллеясының» негізі қаланды.

Семей сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай отырғызылған ағаштар Қазақстанның ядролық сынақтар жүргізілген аумақтан ғылым мен қауіпсіздікке, бейбіт дамуға бет алған жолын бейнелейді.

«Бейбітшілік аллеясының» іргесін қалауға іс-шараға келген құрметті қонақтар қатысты. Отырғызылған ағаштар өткен тарихымызды, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті, бейбітшіліктің маңызын және халықаралық ынтымақтастықтың қажет екенін еске салатын белгі болмақ.

Кезінде сынақ инфрақұрылымының орталығы болған Курчатов бүгінде ғылым, заманауи технологиялар және бейбіт атом саласы тоғысқан орталыққа айналып келеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив