Семейде Ұлттық ұланның екі сарбазы әскерде жүріп шаңырақ құрды
Семейде Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүрген екі сарбаз үшін ерекше күн болды. Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері қатардағы жауынгерлер Ғұламжан Дыйкамбаев пен Данила Еремеев сүйген қыздарымен заңды некеге тұрып, отбасылық өмірге маңызды қадам жасады.
Жас сарбаздардың бірі – қатардағы жауынгер Ғұламжан Дыйкамбаев. Ол болашақ жары Азизазабанумен өткен жылы танысқан. Спортқа жақын екі жастың ортақ қызығушылығы олардың бір-біріне деген ықыласын одан әрі арттыра түскен. Қыз каратэмен айналысса, Ғұламжан боксқа қатысқан. Жас жігіт әскери қызметке аттанғаннан кейін де сүйіктісімен байланысын үзбеген. Арадағы қашықтыққа қарамастан, екеуі үнемі хабарласып, болашақ жоспарларын бірге талқылап жүрген. Көп ұзамай Ғұламжан сүйіктісін Семей қаласына шақырып, екеуі некелерін заңды түрде қиды. Азизазабану арнайы Астана қаласынан келіп, сүйіктісінің жанында болды.
Ал қатардағы жауынгер Данила Еремеев Ұлттық ұлан сапына Өскемен қаласынан шақырылған. Ол сүйген қызы Заринамен 2026 жылғы 26 маусымда шаңырақ көтеруді жоспарлаған. Алайда Даниланың Отан алдындағы борышын өтеуге аттануы жас жұптың жоспарына өзгеріс енгізді. Соған қарамастан, араға бір ай салып, 18 жастағы қос ғашық өз армандарын кейінге қалдырмай, некелерін қиды.
Бір ай бұрын мерзімді әскери қызметке келген сарбаздар маңызды сәтте қолдау танытқан әскери бөлім басшылығына алғыстарын білдіреді. Айта кетейік, 5511 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген мерзімді әскери қызметшілер Алматы, Түркістан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларынан шақырылған.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі







