Семейде Tomorrow School жасанды интеллект мектебі ашылды
Семейде өңірдегі алғашқы жасанды интеллект мектебі – Tomorrow School Semey ашылып, алғашқы қатысушылар оқуын бастады.
Іс-шараға Абай облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы, Alikhan Bokeikhan University ректоры Александр Койчубаев, Shakarim University проректоры Бейімбет Дәрібаев, Абай облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаев, облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Құрманова және мектептің алғашқы қатысушылары қатысты.
Абай облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы жаңа мектептің өңір үшін маңызына тоқталды.
Шара барысында мектепке бірінші болып тіркелген Роза Әубәкіроваға планшет табысталды. 40 жастағы Роза IT мен жасанды интеллект саласына бұрыннан қызыққан. Алайда ақылы оқу мүмкіндігі болмағандықтан, осы бағытта білім алуды кейінге қалдырып келген.
Tomorrow School Semey мектебіне барлығы 230 өтінім түскен. Тіркеу мен бағалау қорытындысында 85-ке жуық адам іріктеуден өтіп, қабылданды.
Мектептің оқу тәсілі өзгеше. Мұнда дәстүрлі дәріс те, сабақ беретін мұғалім де жоқ. Оқу peer-to-peer, яғни қатысушылардың бір-бірінен үйренуі қағидатына құрылған. Олар практикалық тапсырмаларды өздігінен орындайды, тәжірибе алмасады, топта жұмыс істейді және нақты міндеттердің шешімін іздейді.
Tomorrow School Semey өңір жастарына IT мен жасанды интеллектіні тегін меңгеруге жол ашады. Бұл – цифрлық саланы таңдаған жастар үшін білім алып қана қоймай, өз идеясын жүзеге асыруға берілген жаңа мүмкіндік.


