Семейдегі тұрғын үйлердің қасбеті бірыңғай үлгіде жаңартылып жатыр
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы қасбеті жаңартылып жатқан және жаңғыртудан өткен ғимараттарға барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Аймақ басшысы Шәкәрім даңғылы, 35 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйде және Абай көшесі, 99 мекенжайындағы әкімшілік ғимаратта болды. Аталған тұрғын үйде 116 пәтер бар. Қазір мұнда қасбетті термопанельдермен қаптау, балкондарды металлсайдингпен әрлеу, терезе жиектері мен сәндік кронштейндер орнату, жарықдиодты жарықтандыру құралдарын қою жұмыстары аяқталуға жақын.
Тұрғындар атқарылып жатқан жұмысқа ризашылықтарын жеткізді.
Ал Абай даңғылындағы әкімшілік ғимаратында Достық үйі және оған қарасты 20-дан астам мәдени бірлестік орналасқан. Бұл нысанда жөндеу жұмыстары толық аяталып, ғимарат жаңа кейіпке еніп отыр.
Қала әкімі Әділет Қожанбаевтың айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес биыл облыс орталығындағы 20-дан астам ғимаратты жаңарту жоспарланған. Қазір 10 үйдің қасбеті толық жөнделіп, тағы 11 үйде жұмыс жалғасып жатыр.
Аймақ басшысы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.










