Cемей15°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
455.4 526.99 5.25

Берік Уәли «Семей май зауыты» ЖШС-не барды

Бүгін, 11:18 Думан Кенжеғазыұлы

Аймақ басшысы Берік Уәли «Семей май зауыты» ЖШС-не барып, кәсіпорынның жұмысымен және өндірістік қызметімен танысты.

«Семей май зауыты» ЖШС 2001 жылы құрылған. Кәсіпорын майлау материалдарын, техникалық сұйықтықтарды, металл және полиэтилен ыдыстарын өндіруге маманданған. Өндірілетін өнімнің сапасы мен кәсіпорында қолданылатын технологиялар ISO 9001:2015 халықаралық стандартының талаптарына сәйкес келеді.

Кәсіпорында үш өндірістік цех жұмыс істейді. Бірінші цехта техникалық майлар мен салқындатқыш сұйықтықтар, екінші цехта металл ыдыстар, ал үшінші цехта полиэтилен ыдыстар, электролиттер және әйнек жууға арналған сұйықтықтар өндіріледі.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 20 мың тоннаға дейін май, 9,8 мың дана металл бөшке және 96 мың дана полиэтилен ыдыс шығаруға мүмкіндік береді. 2025 жылы мұнда 3,7 мың тонна май мен салқындатқыш, 200 тонна техникалық сұйықтық, 3 мың дана металл ыдыс және 140 мың дана полиэтилен ыдысы өндірілген.

Бүгінде кәсіпорында 33 қызметкер еңбек етеді. Өндіріс аумағында шығарылатын өнімдерді өткізуге арналған дүкен де жұмыс істейді.

Аймақ басшысы өндіріс көлемін арттыру және отандық өнім түрлерін көбейту бағытындағы жұмыстың маңызды екенін атап өтті.

«Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – облысымыздың экономикасы үшін маңызды бағыттардың бірі. Кәсіпорын қазіргі таңда жақсы жұмыс атқарып жатыр. Бірқатар азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта да өндіріс көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік мол. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыра беру керек. Әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетін болады», – деді Берік Уәли.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив