Қазақстанда бал мен зімбірден жаңа сусын әзірленді
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының құрамындағы Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары бал мен зімбір негізінде алкогольсіз, адам ағзасына пайдалы сусын дайындау технологиясын әзірледі.
Жобаның басты ерекшелігі – Қазақстанда мұндай сусынды дайындауда осыған дейін бал мен зімбір бірге қолданылмаған. Ғалымдар екі табиғи өнімді бір құрамда алғаш рет ұштастырып, олардың пайдалы қасиеттерін мүмкіндігінше сақтап қалуға бағытталған өңдеу тәсілін әзірледі.
Жоба аясында институт мамандары сусынның 40 түрлі құрамын жасап, сынақтан өткізді. Зерттеу нәтижелері, дәмі мен иісіне қатысты бағалау, сондай-ақ өндірістік және қаржылық тиімділігі ескеріліп, ең қолайлы төрт құрам таңдап алынды.
Зерттеу барысында дайын сусындардың құрамында антиоксиданттардың мол екені анықталды. Өнімді әзірлеу кезінде бал мен зімбірдің құрамындағы пайдалы әрі әсерлі заттардың өндірістің әр кезеңінде барынша сақталуына ерекше мән берілді. Осы қасиеттер сусынның адам денсаулығына пайдалы бағытта жасалғанын көрсетеді.
Жаңа технологияның маңызы – отандық омарташылық өнімдерін тағам өндірісінде кеңінен пайдалануға жол ашуында. Қазақстанда бал өндіру көлемі жоғары болғанымен, оны пайдалы сусындар жасауға өндірістік тұрғыда пайдалану әлі де жеткіліксіз. Жаңа тәсіл бал өнімдерін өңдеудің жаңа бағытын қалыптастырып, құны жоғары дайын өнім шығаруға жол ашады.
Әзірленген технологияға елімізде пайдалы модельге берілетін патент алынған. Сонымен қатар алкогольсіз және құрамында спирті аз сусындарды өндірістік жолмен дайындауға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленді.
Қазіргі таңда жаңа технологияны тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына енгізуге болады. Бұл отандық пайдалы сусындардың түрін көбейтіп, бал өнімдерін тереңірек өңдей отырып, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы ғалымдарының ғылыми жұмыстарын өндіріске енгізуге серпін береді.