«Таза Қазақстан»: экологиялық мәселелерді @TazaQazBot арқылы хабарлауға болады
Қазақстанда «Таза Қазақстан» акциясы аясында экология және абаттандыру саласындағы мәселелер туралы хабарлауға мүмкіндік беретін @TazaQazBot Telegram-чат-боты жұмысын жалғастыруда.
Цифрлық сервис 2024 жылдың маусым айында іске қосылған. Бүгінде ол тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз ететін ыңғайлы құралдардың біріне айналды.
Өтініш жолдау үшін Telegram-дағы чат-ботқа авторизациядан өтіп, мәселенің фотосын тіркеп, мекенжайын көрсетіп, жағдайды қысқаша сипаттау жеткілікті. Жолданған өтініш автоматты түрде тиісті қызметтердің қарауына жіберіледі.
Сервистің маңызды артықшылықтарының бірі — өтініштің орындалу барысын бақылау мүмкіндігі. Пайдаланушы өтініш мәртебесін әр кезеңде көре алады. Жұмыс аяқталғаннан кейін орындалған жұмыс бойынша фотоесеп ұсынылып, тұрғын оның сапасын бағалай алады.
Өтініштер 21 санат бойынша қабылданады. Олардың қатарында аумақтарды тазалау, қоқыс шығару, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, көгалдандыру, су айдындарын тазалау және басқа да мәселелер бар.
Жыл басынан бері @TazaQazBot ақпараттық платформасына 586 өтініш келіп түсті.Оның 518 орындалды, 25 орындалу үстінде, 43 кері қайтарылды. Өтініштерді орындау сапасының облыстық орташа рейтингі 4 балды құрайды.
Экология мен абаттандыруға қатысты мәселе байқасаңыз, @TazaQazBot арқылы хабарлап, туған қалаңыздың тазалығы мен көркеюіне өз үлесіңізді қоса аласыз.