Cемей20°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
444.88 513.26 5.28

Көлік министрлігінде құқықтық мәдениет мәселелері бойынша семинар өтті

Бүгін, 14:59 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінде «Заң мен тәртіп аясындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» тақырыбында семинар-лекция өтті.

Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттыру, заң мен тәртіп қағидаттарын сақтау және қоғамда адалдық құндылықтарын нығайту.

Семинар-лекцияны Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибраһимұлы Ибрагимов өткізді.

Ғалым өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі – заң талаптарын сана деңгейінде қабылдау және оны күнделікті өмірде ұстану екенін атап өтті.

«Заң мен тәртіп» қағидаты тек құқықтық нормаларды орындаумен шектелмей, әр адамның ішкі ұстанымына айналуы қажет. Осы ретте адалдық, әділдік және жауапкершілік сияқты құндылықтардың маңызы ерекше.

Лектор Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын дәріптеу жөніндегі ұстанымдарына да тоқталды. Президенттің бұл бағыттағы бастамалары елдегі адалдық мәдениетін қалыптастырумен, еңбекқорлықты дәріптеумен және еңбектің нәтижесіне құрметпен қарау құндылықтарымен сабақтас екені айтылды.

Профессор қазақ қоғамында адалдықтың ежелден келе жатқан ұлттық құндылықтардың бірі екенін атап өтіп, бұл қағидаттарды жас ұрпақтың бойына сіңіруде отбасы тәрбиесінің рөліне тоқталды. Оның айтуынша, заңға құрмет пен құқықтық жауапкершілік мәдениеті ең алдымен отбасында қалыптасып, кейін қоғамның барлық деңгейінде жалғасын табуы тиіс.

Лекция барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы халықаралық тәжірибеге де назар аударылды. Атап айтқанда, Финляндия мен Эстониядағы заң үстемдігін қамтамасыз ету, ашықтық пен адалдық қағидаттарын нығайтуға бағытталған тәсілдер мысал ретінде қарастырылды.

Ғалымның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді мәдениетті қалыптастыру тек жазалау шараларымен шектелмеуі керек. Қоғамда заң талаптарын құрметтеу, адал еңбек ету және жауапкершілік қағидаттарын ұстану тұрақты құндылыққа айналуы маңызды.

Сонымен қатар құқықтық мәдениетті қалыптастыруда цифрландырудың, мемлекеттік басқару үдерістерінің ашықтығы мен азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңызы атап өтілді.

Іс-шара қорытындысында заң мен тәртіпті сақтау, адалдық құндылықтарын дәріптеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстың маңыздылығы атап өтілді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив