Cемей15°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
444.88 513.26 5.28

Қатты пайдалы қазбаларға роялти енгізу 2029 жылға ауыстырылады

Бүгін, 18:19 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 28-ші отырысында қатты пайдалы қазбаларды өндіруге салық салу, сондай-ақ несиелер мен шағын несиелер бойынша проблемалық берешекті есептен шығару кезінде жеке тұлғаларды жеке табыс салығынан (ЖТС) босату мәселесі қаралды.

Жиында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қатты пайдалы қазбаларға роялти енгізу мерзімін ауыстыруды ұсынды. Жаңа Салық кодексінің нормалары оны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұрын жер қойнауын пайдалану құқығы берілмеген аумақтарда 2026 жылғы 31 желтоқсаннан кейін берілген лицензиялар бойынша өндірілген, соның ішінде өңдеуден өткен минералдық шикізат пен қатты пайдалы қазбаларды өткізу кезінде төлеуді көздейді.

Сонымен қатар техногендік минералдық түзілімдер бойынша салық базасын айқындау, роялтиді әкімшілендіру және жаңа лицензиялардың ерекшелігін, жобалардың капиталды қажетсінуін және ілеспе компоненттердің рентабельділігін ескере отырып, мөлшерлемелерді белгілеу мәселелері қосымша пысықтауды талап етеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпаратына сәйкес, бұл мәселе кәсіпорындардың қаржы-экономикалық моделінде салааралық келісуді және тестілеуді талап етеді. 

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар роялтиді қолдану мерзімін 2027 жылғы 1 қаңтардан 2029 жылғы 1 қаңтарға ауыстыруды қолдады.

Проблемалық несиелерді есептен шығару кезіндегі ЖТС

Жобалық кеңсенің отырысында несиелер мен шағын несиелер бойынша міндеттемелерді есептен шығару кезінде жеке тұлғаларды жеке табыс салығынан босату мәселесі қайта қаралды.

Қолданыстағы салық заңнамасында өндіріп алынуы мүмкін емес берешекті кешіру кезінде кредиторлар үшін КТС, сондай-ақ жеке тұлғалардың жекелеген санаттары үшін ЖТС бойынша тетіктер көзделген.

Сонымен қатар мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, Ұлттық банктің тиісті бағдарламасымен қамтылған ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша, сондай-ақ несиелік міндеттеме анықталған алаяқтық әрекет нәтижесінде туындаған жағдайда қарыз алушылардың жекелеген санаттарын ЖТС-дан қосымша босату қаралады.

Еске сала кетейік, Жобалық кеңсенің 25-ші отырысында бұл мәселе егжей-тегжейлі есептеулер жүргізу, ЖТС-дан босату қолданылуы мүмкін өмірлік жағдайлардың толық тізімін анықтау үшін пысықтауға бағытталған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратына сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, жеке тұлғалардың банктер мен микро қаржылық ұйым алдында 90 күннен артық мерзімі өткен проблемалық берешегінің жиынтық көлемі шамамен 2,5 трлн теңге. Проблемалық қарыз алушы саны – 1,37 млн адам.

Тек банк секторының өзінде жеке тұлғалардың 90 күннен көп мерзімі өткен қарызының көлемі 1,2 трлн теңге немесе халықтың кредиттік портфелінің 4,8%-ы. 

Бұл мәселенің әлеуметтік маңыздылығын азаматтардан түскен өтініштер саны да айғақтайды. 2026 жылғы маусымда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 16,4 мың өтініш қараған. Оның 45%-ы қарыз берешегін реттеу мәселесіне қатысты.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының ақпараты бойынша, банктер жалпы сомасы 2 401 қарыз алушының 25 млрд теңге берешегін кешіру мүмкіндігін пысықтап үлгерген. Салық әсері шамамен 2,7 млрд теңгеге бағаланады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеке тұлғаның салық салынатын ЖТС табысынан банктердің, банк операцияларының кейбір түрін жүзеге асыратын ұйымдар мен микроқаржы ұйымдарының кешірген берешек сомасын алып тастауды көздейтін бұрын қолданыста болған тәртіпті қалпына келтіруді ұсынды. Мұндай механизм 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жұмыс істеген.

Бұл қарызды есептен шығарғаннан кейін проблемалық қарыз алушы үшін жаңа салық міндеттемесін туғызбайды әрі банктер мен микро қаржы ұйымының өндіріп алынуы күмәнді қарызды түпкілікті реттеу мүмкіндігін арттырады деген болжам бар.

Талқылау қорытындысы бойынша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен, мүдделі мемлекеттік органдармен және қаржы институттарымен бірлесіп, осындай жағдайларда жеке табыс салығынан босату тәртібін әзірлейді. Ықтимал тетік ретінде қарыз алушылардың нақты айқындалған санаты үшін, оның ішінде Отбасының цифрлық картасының деректерін ескере отырып, азаматқа бір рет атаулы жеңілдік беру не қаржы ұйымдары үшін кешірім көлемін шектеу қаралады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив