Cемей18°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
447.85 513.46 5.31

«Еңбек жолы» конкурсының өңірлік жеңімпаздары марапатталды

Бүгін, 18:19 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімі Берік Уәли «Еңбек жолы» конкурсының өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады. Салтанатты шараға байқауға қатысушылар, еңбек әулеттерінің өкілдері, түрлі сала мамандары мен жас қызметкерлер қатысты.

Биыл Абай облысы бойынша конкурсқа өтінім қабылдау 21 сәуір мен 1 тамыз аралығында жүргізілді. Осы кезеңде облыстың түрлі салаларында еңбек ететін азаматтардан 24 өтінім түсті. Байқау «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістің үздік жас маманы» номинациялары бойынша ұйымдастырылды. Конкурстық комиссия шешімімен үш номинация бойынша өңірлік жеңімпаздар анықталды.

Аймақ басшысы еңбек адамына құрмет көрсету, кәсіби шеберлік пен ұрпақтар сабақтастығын дәріптеуде байқаудың маңызы зор екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еңбек культін ілгерілету, қарапайым еңбек адамдарына құрмет білдіру, адал еңбектің қадірін арттыру басты міндет екенін ерекше атап өткені баршаңызға белгілі. Осы орайда, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруға және еңбек өнімділігін ынталандыруға бағытталған «Еңбек жолы» конкурсының маңызы ерекше. Бүгін еңбегімен елге үлгі болып жүрген азаматтарды құрметтеп, оларды салтанатты түрде марапаттау үшін жиналып отырмыз. Әр салада мамандыққа адалдықтың шынайы үлгісін көрсетіп қана қоймай, кәсіби біліктілігімен көзге түсіп, өз ісінің қыр-сырын жетік меңгерген ерен еңбектеріңіз бар құрметке лайық. Мұның барлығы – Абай облысының дамуына қосылған нақты үлес деп білеміз», – деді Берік Уәли.

Аягөз қаласында тұратын Байғозовтар әулеті «Үздік еңбек әулеті» номинациясының өңірлік жеңімпазы болып танылды. Әулет мүшелерінің теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілі 262 жылдан асады. Қажияхмет Байғозов – үлкен отбасының құрметті ақсақалы. Оның үлгісімен отбасының бірнеше ұрпағы өмірін теміржол саласымен байланыстырған.

«Менің зейнетке шыққаныма 35 жыл болды. Әкем теміржолшы еді. Әке жолын жалғап, мен де өмір бойы теміржол саласында еңбек еттім. Алты баламның бесеуі менің жолымды қуып, осы саланы таңдады. Жастарға айтарым – қандай мамандықты таңдасаңдар да, еңбектерің адал болсын. Адал еңбек қашанда абыройға жеткізеді», – деді Қажияхмет Байғозов.

«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясында Курчатов қаласынан Альмира Айдарханова жеңімпаз атанды. Ол «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» филиалының мониторинг және экологиялық-талдамалық зерттеулер бөлімін басқарады. 200-ге жуық ғылыми жұмыс пен жарияланымның авторы және бірлескен авторы. Оның жетекшілігімен 7 магистрант магистрлік диссертация қорғап, 80-ге жуық ғылыми еңбек жариялаған.

«Өндірістің үздік жас маманы» номинациясының жеңімпазы – Семей қаласынан Айбол Тыныштықов. Ол еңбек жолын «Семей автоқұрастыру зауытында» трактор құрастыру желісінің слесарь-жинаушысы болып бастаған. Өндірісте жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің нәтижесінде 2025 жылдың ақпан айында техникалық бөлімге инженер-технолог қызметіне ауыстырылды.

Шара барысында байқауға белсенді қатысқан еңбек әулеттеріне, тәлімгерлер мен жас мамандарға құрмет көрсетілді. Өңірлік кезеңде жеңімпаз атанған үш қатысушы республикалық деңгейдегі іріктеу кезеңіне қатысады.

Өңірде халықты тұрақты жұмыспен қамту және азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Биыл Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 13 324 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жыл басынан бері 14 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылды. Әлеуметтік осал санаттағы 97 азаматқа жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 1 млн 730 мың теңгеден қайтарымсыз грант берілді. Еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес 234 азамат кәсіптік оқуға жолданып, оның 145-і оқуын аяқтап, жұмысқа орналасты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив