Құрылтайда Қазақстан-Аустрия парламентаралық диалогы талқыланды
Құрылтай Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров Аустрия Ұлттық кеңесінің депутаты, Парламенттік достық тобының төрағасы Маркус Хофер бастаған делегациямен кездесті. Тараптар парламентаралық диалогты дамыту, сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті кеңейту, сондай-ақ екіжақты байланыстың перспективалы бағыттарын талқылады.
Өз сөзінде Нұрлан Бекназаров Аустриялық парламенттік достық тобының Қазақстанға алғашқы сапары еліміз үшін тарихи маңызды кезеңде өтіп жатқанын атап өтті. Аустрия Парламенті Құрылтай құрылғаннан кейін елімізге парламенттік делегациясын алғашқылардың бірі болып жіберген шетелдік заң шығарушы органдардың қатарында.
– Бұл сапарды парламентаралық диалогты одан әрі дамытуға және екіжақты қатынастарды нығайтуға деген ортақ ұмтылыстың айқын көрінісі ретінде бағалаймыз. Аустрия – Қазақстанның Орталық Еуропадағы маңызды серіктесі. Біз саяси диалогты, парламентаралық байланысты және сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі дамытуға ерекше мән береміз, – деді Нұрлан Бекназаров.
Алқалы жиында Аустрия делегациясына Құрылтайдың қызметі мен жаңа парламенттік модельдің ерекшеліктері таныстырылды. Сондай-ақ шетелдік парламентаралық топтарды қалыптастыру жұмыстары туралы ақпарат беріліп, Аустрия Парламентімен достық топтары және халықаралық парламенттік алаңдар аясындағы өзара іс-қимылды жалғастыру мәселелері сөз болды.
Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударылды. 2025 жылы Қазақстан мен Аустрия арасындағы өзара сауда көлемі шамамен 10 пайызға өскен.
Өз кезегінде Маркус Хофер екі ел парламенттері арасындағы диалогты дамытуға қатысты пікірін білдіріп, Қазақстан мен Аустрия арасындағы байланыстың әлеуетіне тоқталды.
Кездесу соңында тараптар парламентаралық диалогты жандандыруға және Қазақстан мен Аустрия арасындағы әріптестікті жаңа мазмұнмен толықтыруға мүдделі екенін білдірді.
Отырысқа Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары Константин Авершин, депутаттар Марат Башимов, Нұрайнаш Камалова және Айжан Наимбекова қатысты.