Cемей19°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
441.77 502.38 5.23

Егін жинау науқаны – 2026: Олжас Бектенов жиналған астықтың сақталуы және диқандарды ерте қаржыландыру жұмыстарын бастауды тапсырды

Бүгін, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанының барысы қаралды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов ауыл шаруашылығындағы қазіргі жағдай туралы, экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров алдағы кезеңге арналған ауа райы болжамы туралы, диқандарды қолжетімді отынмен қамтамасыз ету бойынша энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, ал көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов көлік инфрақұрылымының дайындығы туралы баяндады. Сондай-ақ Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Премьер-министр егін жинау науқанының нәтижелері – аграрлық салаға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары тиімділігінің бір көрсеткіші екенін баса айтты.

«Президент тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан аграрлық салаға айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді. Егін шаруашылығын орнықты дамытуға және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған субсидиялау тетіктеріне баса көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын қолдау шаралары бөлінген қаражаттың көлемімен ғана шектеліп қалмай, ең алдымен нақты экономикалық нәтижені қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтуде. Осы тұрғыдан алғанда, егін орағын сапалы әрі уақтылы өткізу – қойылған мақсаттарға қол жеткізудің басты шарттарының бірі», — деп атап өтті  Олжас Бектенов.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда 13,5 млн гектар астық немесе жалпы егіс алқаптарының 83%-ы жиналды. Сондай-ақ 2,4 млн тонна майлы дақылдар, 2,5 млн тонна картоп, 2,9 млн тонна көкөніс және 2,3 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Дала жұмыстарына 130 мың трактор, 29 мың комбайн, 17 мың астық жинау машинасы және 130 мың бірлік басқа техника жұмылдырылды.

Сондай-ақ астықтың сапасы мен балауызының деңгейі жоғары. Сақтауға қабылданған жалпы көлемнің 74%-дан астамы үшінші сыныпты және одан да жоғары сыныптарға жатады.

Егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру жалғасуда. Жеңілдетілген несие беру аясында 5,8 мың өтінім келіп түсті, олардың жалпы сомасы 673 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 665 млрд теңге сомасындағы өтінімдер қаржыландырылып, 7,8 млн гектар егіс алқабы қамтылды. Сондай-ақ биыл 2027 жылғы егіс науқанын ерте қаржыландыру көзделген. 

Заманауи агротехнологияларды қолдану және тыңайтқыштарды уақтылы себу нақты нәтиже беріп отыр. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су үнемдеу технологияларын қолданатын алқаптардың көлемін ұлғайту шаралары қабылдануда. Қуаңшылық әрі су тапшылығы жағдайында бұл бастаманың маңызы өте зор. Сондықтан егіншілерді заманауи су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру тәжірибесін жалғастыру қажет. Сонымен қатар жаңбырлатып суару машиналарын, ауыл шаруашылығы техникаларын алғандай, жеңілдетілген қаржыландыру шарттарымен сатып алу мүмкіндігін пысықтау тапсырылды. Бұл қажетті техникаларға қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. 

Энергетика министрлігінің мәліметінше, биыл ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге 844,7 мың тонна дизель отыны бөлінді. Мұнай өңдеу зауытынан тиеп-жөнелту стансасына дейінгі белгіленген босату бағасы литріне 258 теңгені құрады. Операторлардың шығындарын ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін түпкілікті баға литріне 283-310 теңгені құрайды. Бұл нарықтағы бағадан 10-18%-ға төмен.

Көлік министрлігі егінді тасымалдауға арналған инфрақұрылымның дайындығы туралы ақпарат берді. 2026 жылдың 8 айында 9,3 млн тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға артық. Экспорттық тасымал көлемі 14%-ға өсіп, 7,2 млн тоннаны құрады. Оның негізгі бөлігі – 4,8 млн тонна – Орталық Азия елдеріне жөнелтілді. Тасымалдауға 16,9 мың астық тасымалдайтын вагон, 17,8 мың жабық вагон және 2 мың локомотив бар.

Отырыс барысында негізгі ауыл шаруашылығы өңірлеріндегі ахуал да қаралды. Ақмола облысында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабының 84,7%-ы орылды, 5,6 млн тонна астық бастырылды. Астық сақтау қуаты 7,3 млн тоннаны құрайды. Келесі жылға арналған тұқым қоры толық қалыптастырылды.

Солтүстік Қазақстан облысында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 84%-ы жиналды, 4,1 млн тонна астық бастырылды. 2027 жылғы өнімге арналған тұқым қоры да толық қалыптастырылды. Агротехникалық іс-шараларды жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 220 млрд теңгені құрады.

Қостанай облысында дәнді дақылдардың 3,39 млн гектары, яғни алқаптардың 84%-ы орылды. Қолда бар қуаттар 8,3 млн тоннаға дейін астық сақтауға мүмкіндік береді, қазіргі жүктеме 37,2%-ды құрайды. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несие беруге 151 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,7 есе жоғары.

Батыс Қазақстан облысында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау толық аяқталды. 604,8 мың тонна астық бастырылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2 есе жоғары. Түркістан облысында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабының 90%-ы орылып, 729,3 мың тонна өнім жиналды. Өңірде су үнемдеу технологияларын қолдану ауқымы да кеңейіп келеді. Биыл бұл технологиялар 45,6 мың гектар алқапта қолданылды, жыл соңына дейін оның көлемін 50 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Жаңа жобалардың бірі ретінде Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін зауыт атап өтілді. Биыл жүгері егістігінің көлемі 60%-ға артып, 106 мың гектарды құрады. Мұндай жобаларды іске асыру отандық шикізатқа қосымша сұраныс қалыптастырып, қосылған құны жоғары өнім өндіруді кеңейтуге мүмкіндік береді.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге бірқатар міндет жүктеді.

Қазіргі таңда басты міндет – егін орағын уақтылы аяқтап, жиналған өнімді сақтап қалу. 

Элеваторлар мен астық қоймаларының, сондай-ақ бидайды кептіруге арналған қуаттардың толық дайындығын қамтамасыз ету қажет. 

Сондай-ақ астықты ысырап қылмай, сапасын жоғалтып алмау үшін барлық тиісті шараларды қабылдау тапсырылды. Экология министрлігі диқандарға ауа райы болжамы туралы мәліметті егін орағы аяқталғанша күнделікті ұсынуы керек.

Энергетика министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, егін жинау науқаны мен   астықты кептіру жұмыстары толық аяқталғанша жанармайдың үздіксіз жеткізілуін,   сондай-ақ отын қорын бақылауда ұстау тапсырылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын   қалыптасқан қарқынмен жалғастыру міндеті қойылды.

Әкімдіктерге Қысқы және көктемгі кезеңдерге көкөніс, әсіресе картоп қорын уақтылы қалыптастыру, маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдерінің тапшылығына және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, оларды алдын ала келісімшарт арқылы уақтылы сатып алып, сақтауға қоюды қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл ретте өнімнің артылған көлемін экспортқа бағыттау қажет. Сауда және Көлік министрліктері шаруаларға өнімді өткізу нарықтарын іздестіруге және сатуға жәрдемдесуі тиіс.

Премьер-министр2027 жылғы егіс науқанына дайындық жұмыстарын бастауды тапсырды. «Бәйтерек» холдингіне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді уақтылы қаржыландыру, әкімдіктерге минералдық тыңайтқыштар енгізу, элиталық тұқымдардың үлесін арттыру және ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша индикативтік көрсеткіштерді қамтамасыз ету тапсырылды.

Сонымен қатар Жамбыл және Жетісу облыстарының әкімдіктеріне қант зауыттарының өнімді қабылдауға және өңдеуге толық дайын болуын, сондай-ақ қабылдау пункттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, ұзын-сонар кезек пен жиналған өнімнің бүлінуіне жол бермеу тапсырылды.

Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жұмыстардың уақтылы аяқталуын, жиналған өнімнің сақталуын қамтамасыз ету және егін жинау науқаны аяқталғанға дейін ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды. 

Туындайтын мәселелер Үкімет жанындағы Жедел штаб шеңберінде дереу шешіледі. 

Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелген. 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив