Абай облысында орман өртін сөндіруге үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли төтенше жағдайлардың алдын алуға және табиғи өртпен күресуге үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Марапаттау рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы азаматтардың еңбегіне жоғары баға беріп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметтері үшін алғыс айтты.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқарудағы жанқиярлығы, сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде көрсеткен ерлігі үшін бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар тапсырылды.
Атап айтқанда, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Алексей Штыкель Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденіне ие болды. Сондай-ақ, тілсіз жаумен күресте батылдық танытып, өртті сөндіру кезінде ерлік көрсеткен азаматтарға «Ерлігі үшін» медалі, елді мекендер мен орман қорын сақтауға үлес қосқан жандарға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді. Бұдан бөлек бірқатар азамат Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы мен облыс әкімінің Алғыс хатын алды.
Айта кетейік, 16 шілде күні болған өртті ауыздықтау және оның салдарын жою жұмыстарына еліміздің әр өңірінен төтенше жағдайлар қызметінің, орман шаруашылығының, жергілікті атқарушы органдардың, полицияның, Қарулы күштердің, Ұлттық ұланның, шекара қызметінің және басқа да құрылымдардың мамандары жұмылдырылды. Жалпы алғанда, орман өртін сөндіруге 922 адам және 214 техника қатысты. Сонымен қатар, әуеден 380 рет су шашылды. Өртті сөндіруге жалпы 866 тонна су пайдаланылды.









