Абай облысында аға буын өкілдеріне құрмет көрсетілді
Семейде Халықаралық қарттар күніне орай салтанатты шара өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли және өңір қалалары мен аудандарынан келген ардагерлер қатысты. Салтанатты жиында өңірдің аға буын өкілдеріне құрмет көрсетілді. Аймақ басшысы ардагерлерді мерекемен құттықтап, олардың қоғам өміріндегі рөліне үлкен құрметін білдірді.
«Сіздерді Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Халқымызда «Қарттары бар үйдің қазынасы бар» деген дана сөз бар. Біз үлкендерді құрметтеу, ақсақалдарды ардақтау және аналарға қамқорлық жасау сияқты игі дәстүрлерімізді жалғастыруға ұмтыламыз. Сондықтан бүгінгі кездесуіміздің «Қарттарға құрмет – ұрпаққа міндет» деп аталуының терең мәні бар. Елімізге қосқан үлестеріңіз жас ұрпаққа үлгі болып, баға жетпес құндылыққа айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аға буынға құрмет көрсетуге және олардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға ерекше мән береді. «Ардагерлер туралы» заң осы саладағы мемлекеттік қолдау шараларын жүйелеуге берік негіз қалады. Президент қоғамда «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттарын орнықтыруға зор мән береді. Осы құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіруде сіздердің дана кеңестеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіз ерекше рөл атқарады. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жақындарыңызға амандық, ал отбасыларыңызға береке тілеймін», – деді аймақ басшысы Берік Уәли.