Cемей25°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
447.73 502.98 5.35

Жаңа Конституция: қарапайым азаматтың өмірінде не өзгереді?

Кеше, 18:19

Конституция дегенде көбіміз бірден мемлекеттік басқару, билік тармақтары, заңдар мен саяси институттарды елестетеміз. Бірақ Ата Заңдағы өзгерістердің ең маңызды өлшемі - қарапайым азаматтың өміріне қалай әсер ететіні. Биыл 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстанның жаңа Конституциясы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Жаңа Ата Заң кіріспе, 11 бөлім және 95 баптан тұрады. Құжатта адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заң үстемдігіне, мемлекеттік органдардың жауапкершілігіне және азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге басымдық берілген. Бұл өзгерістерді қарапайым азамат қалай сезінбек?

Жаңа Ата Заңда адамның, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтарының бірі ретінде айқындалған. Конституцияда азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар нақты кепілдік бекітілді. Мәселен, кінәсіздік презумпциясы, бір құқық бұзушылық үшін адамды қайтадан жауапқа тартуға жол бермеу және азаматтың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күшіне тыйым салу сияқты қағидаттар конституциялық деңгейде бекітілген. Яғни заң өзгерді екен деп, оның бұрын болған жағдайларға кері қолданылуына жол берілмейді. Ал азамат үшін бұл - құқықтық тұрақтылық пен болжамдылықтың маңызды кепілдігі. Жаңа Конституциядағы тағы бір назар аударарлық жаңалық – «Миранда қағидасының» конституциялық деңгейде бекітілуі. Бұл қағида адамның ұсталған немесе қылмыстық қудалауға ұшыраған кезде өзінің құқықтарын білуін және сол құқықтарының түсіндірілгенін көздейді. 

Сонымен бірге адвокатура мен адвокаттық қызметке де жаңа Ата Заңда  жеке бап арналды. Қарапайым тілмен айтсақ, азаматтың құқық қорғау органдарымен қарым-қатынасындағы құқықтық кепілдіктер күшейтіледі. Бүгінде адам өмірінің едәуір бөлігі цифрлық кеңістікте өтіп жатыр. Телефондағы жеке ақпарат, әлеуметтік желідегі аккаунт, электрондық құжаттар, онлайн қызметтер - мұның бәрі адамның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Осыны ескере отырып, жаңа Конституцияда азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғауға қатысты нормалар қарастырылған. Сондай-ақ жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жаңа конституциялық басымдықтардың бірі ретінде көрсетілген. Бұл бағыттың маңызы жыл сайын арта түспек. Өйткені технология дамыған сайын адамның цифрлық құқықтарын қорғау мәселесі де өзекті бола береді.

Бұдан бөлек Жаңа Конституция азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысу құқығын да бекітеді. Азаматтар мемлекеттік органдарға және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жеке немесе ұжымдық өтініш жолдай алады. Сондай-ақ сайлауға және сайлануға, республикалық референдумдарға қатысу құқығы сақталған. Яғни азаматтың мемлекетпен байланысы тек салық төлеу немесе мемлекеттік қызмет алу деңгейімен шектелмейді. Конституциялық деңгейде оның қоғам мен мемлекет өміріне қатысу құқығы да бекітілген. 

Конституциядағы өзгерістердің тағы бір бағыты - адами капиталды дамыту. Жаңа Ата Заңда білім, ғылым, мәдениет және инновация елдің ұзақ мерзімді даму бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Сонымен бірге зияткерлік меншікті қорғауға да басымдық берілген. Бұл жерде мәселе тек мектеп немесе университет туралы емес. Ғалым, мұғалім, студент, кәсіпкер, өнертапқыш, шығармашылықпен айналысатын азамат үшін олардың еңбегі мен зияткерлік өнімін қорғау да құқықтық жүйенің маңызды бөлігіне айналады. Ең басты өзгеріс - Конституцияның өзі емес, оның қалай жұмыс істейтіні. Алайда кез келген Конституцияның өміршеңдігін оның мәтіні ғана емес, сол нормалардың іс жүзінде қалай орындалатыны айқындайды.


Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив