Cемей6°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
453.65 509.99 5.31

Қазақстан жаһандық білім беру кеңістігіндегі позициясын нығайтып келеді

Бүгін, 10:09

Қазақстан жоғары білім беру жүйесінің халықаралық ықпалдастығын кеңейтіп, жаһандық білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтып келеді. Бүгінде елімізде 33 шетелдік университеттің филиалы жұмыс істейді, ал қазақстандық жоғары оқу орындары 24 елдің 131 университетімен қос диплом бағдарламаларын жүзеге асырып жатыр.

Ғылым мен жоғары білімді дамыту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі. Жаһандық технологиялық өзгерістер жағдайында адам капиталын дамыту, білім сапасын арттыру және ғылыми әлеуетті күшейту елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту осы міндеттерді іске асырудың негізгі бағыттарының біріне айналды. Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу арқылы озық академиялық тәжірибелер мен заманауи білім беру стандарттарын енгізуге жағдай жасалуда. Бұл қазақстандық жастарға халықаралық деңгейдегі білімді елден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қазақстандық университеттер шетелдік серіктестерімен бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытып келеді. Қос диплом бағдарламалары аясында студенттер шетелдік университеттерде білім алып, академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысып, екі жоғары оқу орнының дипломын алуға мүмкіндік алады.

Отандық жоғары білімнің халықаралық деңгейдегі танымалдығы университеттердің әлемдік рейтингтердегі нәтижелерінен де көрінеді. QS World University Rankings 2026 рейтингіне Қазақстанның 20 жоғары оқу орны енді. Times Higher Education рейтингінде еліміздің 5 университеті ұсынылды. Ал NU алғаш рет әлемнің үздік 400 университетінің қатарына кірді.

Бұл көрсеткіштер Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі халықаралық академиялық кеңістікке белсенді кірігіп, өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып келе жатқанын көрсетеді.

Бүгінде қазақстандық университеттер мамандар даярлаумен қатар, ғылыми зерттеулер жүргізетін, жаңа технологиялар әзірлейтін және инновациялық шешімдер енгізетін орталықтарға айналып келеді. Халықаралық серіктестікті дамыту, білім сапасын арттыру және ғылыми әлеуетті күшейту Қазақстанның өңірлік білім беру және ғылыми орталық ретіндегі рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив