Cемей7°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
447.14 500.35 5.24

Бір палаталы Құрылтай: жаңа жүйенің ерекшеліктері

Кеше, 11:18

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізді. Соның бірі – Сенат пен Мәжілістен тұратын екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтайдың құрылуы. Жаңа Ата заңға сәйкес, Құрылтай – заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстанның жоғары өкілді органы.

Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады. Олар бес жыл мерзімге сайланады. Депутаттарды қалыптастырудың негізгі тетігі – пропорционалды өкілдік жүйесі. Яғни сайлау біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер негізінде өткізіледі. Бұл жүйеде азаматтар өз таңдауын партиялардың тізімдері бойынша жасайды. Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде, жасырын дауыс беру арқылы өтеді. Ал партиялардың алған дауыс санына қарай Құрылтайдағы мандаттар бөлінеді.

Жаңа Конституция депутаттыққа қойылатын талаптарды да белгілейді. Құрылтай депутаты болу үшін азамат 25 жасқа толуы және Қазақстан аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұруы қажет. Партиялық тізімдерде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың жиынтық үлесі кемінде 30 пайыз болуы тиіс. Ал Құрылтайдың негізгі жұмысы – заң қабылдау. Конституцияға сәйкес, Құрылтай Қазақстанның бүкіл аумағында міндетті күші бар заңдар мен қаулылар қабылдайды. Әдеттегі заң депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Ал конституциялық заңдарды қабылдау үшін депутаттардың кемінде үштен екісінің қолдауы қажет. Президент қол қойғаннан кейін заң күшіне енеді.

Құрылтайдың өкілеттігі мұнымен шектелмейді. Жаңа Конституция бойынша депутаттар бірқатар маңызды мемлекеттік тағайындауларға келісім береді. Олардың қатарында Вице-Президентті, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға келісім беру бар. Сондай-ақ Президенттің ұсынуымен Жоғарғы Сот судьяларын сайлау және қызметтен босату да Құрылтайдың өкілеттігіне кіреді. Құрылтай жұмысын Төраға басқарады. Оны депутаттар арасынан көпшілік дауыспен, жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Төраға Құрылтай отырыстарын шақырып, оған төрағалық етеді және заң шығару жұмысының ұйымдастырылуына жалпы басшылық жасайды.

Осылайша жаңа Конституция Қазақстандағы заң шығару жүйесін бір палаталы модельге ауыстырды. 145 депутаттан тұратын Құрылтай енді заң қабылдау, мемлекеттік маңызды шешімдерге қатысу және атқарушы билікке қатысты бірқатар конституциялық өкілеттікті жүзеге асыратын негізгі өкілді орган болады. Ал оның құрамы партиялардың сайлауда алған қолдауына байланысты қалыптасады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив