Cемей14°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
453.93 508.72 5.35

Абай облысында жол және балалар қауіпсіздігін күшейту мәселелері қаралды

Бүгін, 14:37

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ балалар мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу мәселелері талқыланды.

Кеңеске облыстық басқарма басшылары мен өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан, облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Құрманова және Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов баяндама жасады.

Жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты баяндамада атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер сөз болды. Мәліметке сәйкес, тоғыз айда республикалық маңызы бар жолдарда жануарлардың қатысуымен 268 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қауіптің алдын алу мақсатында жолдарға малға қарсы қоршаулар орнатылып, жол белгілері мен таңбалары жаңартылуда.

Облыста жол инфрақұрылымын жөндеу жұмыстары да жалғасып жатыр. Республикалық жолдарда 33 мың шаршы метрден астам ойық жөнделіп, 13 шақырым малға қарсы қоршау орнатылған. Ал облыстық және аудандық жолдарда 160 мың шаршы метрден астам асфальт жамылғысы қалпына келтірілді.

Семей қаласында жалпы ұзындығы 22,7 шақырымды құрайтын 20 көшеде жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдары салынып, жол белгілері орнатылып жатыр.

Облыс әкімі жол-көлік оқиғаларының жалпы саны азайғанымен, қаза тапқандар санының өсуі алаңдаушылық туғызатынын атап өтті. Оның айтуынша, әсіресе мектеп маңындағы жолдардың қауіпсіздігіне, қауіпті учаскелерді жарықтандыруға және қараусыз жүрген малдың жолға шығуына жол бермеуге басымдық берілуі қажет.

«Жол қауіпсіздігі тек полицияның міндеті емес. Бұл – жергілікті атқарушы органдардың, жол қызметтерінің және барлық жауапты мекемелердің ортақ жауапкершілігі», – деді Берік Уәли.

Осыған байланысты Абай, Ақсуат, Аягөз және Жарма аудандарының әкімдеріне, білім басқармасы мен балалардың құқықтарын қорғау саласына жауапты мекемелерге және полиция департаментіне 14 білім беру ұйымының маңындағы жол қауіпсіздігіне қатысты кемшіліктерді жою жоспарын әзірлеу тапсырылды. Жұмыстар толық аяқталғанға дейін балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін уақытша шаралар қабылдау міндеттелді.

Сондай-ақ жауапты мекемелерге жолдардың қауіпті учаскелерін анықтап, оларды жөндеу, жарықтандыру, қоршаулар орнату және жол таңбаларын жаңарту бойынша басым нысандардың тізімін әзірлеу жүктелді.

Кеңестің екінші бөлімінде кәмелетке толмағандар мен жастардың қауіпсіздігі, балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу мәселелері қаралды. Өңірде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық көрсеткіштері төмендегенімен, балаларға қатысты құқық бұзушылықтар санының артуы алаңдатып отыр.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірдегі білім беру ұйымдарында 99 657 оқушы мен 20 454 студент білім алады. Мектептерде 16 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. 304 мемлекеттік мектептің барлығы бейнебақылау жүйесімен қамтылған.

Балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығын қамтамасыз ету үшін педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтер жұмыс жүргізіп, оқушыларға және олардың ата-аналарына жеке консультациялар береді. Жыл басынан бері білім беру ұйымдарында мемлекеттік органдармен бірлесіп 2 683 іс-шара өткізілген. Апта сайынғы қауіпсіздік сабақтарында буллингтің, құқық бұзушылықтардың және интернеттегі қауіптердің алдын алу мәселелері қамтылады.

Жиында балалар арасындағы суицидтің алдын алу, отбасындағы зорлық-зомбылық пен буллингті ерте анықтау, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардағы балаларға көмек көрсету және жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру қажеттігі де айтылды.

«Балалардың қауіпсіздігі – біздің жұмысымыздың негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағытта формалды есепке емес, нақты нәтижеге жұмыс істеуіміз керек», – деді облыс әкімі.

Берік Уәли жауапты басқармалар мен полиция департаментіне балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың өсу себептерін талдап, алдын алу шараларының нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар профилактикалық есепте тұрған отбасылардың әлеуметтік жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу, балаларды тегін үйірмелерге, спорт секцияларына және шығармашылық жобаларға тарту, білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау мен дабыл жүйелерінің жұмысын тексеру міндеттелді.

Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге жол қозғалысы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейтіп, белгіленген тапсырмалардың орындалуын бақылауда ұстау жүктелді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив