Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің жанынан сегіз бағыт бойынша сараптамалық кеңес құрылды
Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің жанынан сегіз бағыт бойынша сараптамалық кеңес құрылды.
«Комитеттің жұмысын жетілдіріп, жаңа заң жобаларын сапалы әзірлеу мақсатында сегіз бағыт бойынша сараптамалық кеңес құрдық. Олардың құрамындағы мамандар депутаттарға маңызды заң жобаларын әзірлеу кезінде кәсіби бағыт-бағдар беріп, жан-жақты қолдау көрсетеді», – деді Комитет төрағасы Дархан Ахмедиев.
Жаңа сараптамалық кеңестер сегіз бағыт бойынша жұмыс істейді. Цифрландыру, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік бағытын Екатерина Смышляева, инновация және инновациялық қызмет бағытын Дидарбек Ділдәбек үйлестіреді. Ғылым және ғылыми-технологиялық даму бағытына Владимир Киян, жоғары білім саласына Айжан Темербаева, тіл саясаты бағытына Мақсұт Насибулов жауапты. Ал креативті экономика бағытын Гүлісхан Нахбаева, IT-нарықты дамытуды Айсұлу Сүлейменова, цифрлық инфрақұрылым мен байланыс саласын Тілектес Адамбеков үйлестіреді.
Сараптамалық кеңестердің құрамына тиісті бағыттар бойынша білімі мен тәжірибесі бар түрлі сала өкілдері кіреді. Олардың қатарында ғалымдар мен тәуелсіз сарапшылар, ғылыми және кәсіптік қоғамдастықтардың, ғылым және жоғары білім беру ұйымдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың, салалық бірлестіктер мен қауымдастықтардың мүшелері, кәсіпкерлер және тәжірибелі мамандар бар.
Сонымен қатар жастардың зияткерлік әлеуетін пайдалану және жаңа көзқарастарды ескеру мақсатында кеңестердің жұмысына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары мен докторанттарын да тарту көзделіп отыр.
Бұл бастама комитет қызметінің ашықтығын арттыруға, қоғам мен сарапшылардың пікірін ескеруге және заң жобаларының сапасын жақсартуға бағытталған.