Құрылтай 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Құрылтай отырысында депутаттар «2027 - 2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға енгізілетін түзетулер екінші оқылымда мақұлданып, үшінші оқылымда қабылданды.
Отырыста «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжаттың негізгі ережелерін Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының міндетін атқарушы Ерұлан Жамаубаев, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Қаржы министрі Мәди Такиев таныстырды.
Ұлттық банкі төрағасының міндетін атқарушы Ерұлан Жамаубаев жаһандық экономикадағы тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан экономикасында оң динамика сақталып отырғанын атап өтті. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 4,2 пайызға өскенін жеткізді. Қыркүйекте жылдық инфляция он екі ай қатарынан баяулап, 9,3 пайызды құрады.
Отырыс барысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды. Министр құжаттың халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуіне қатысты болжамдары мен сыртқы нарықтардағы ахуал ескеріле отырып әзірленгенін жеткізді.
Бұдан бөлек, Вице-премьер өңдеу өнеркәсібінің дамуына металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия және тамақ өнеркәсібі негізгі үлес қосатынына тоқталды. Экономиканың өсу драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы болады. Оның жыл сайынғы орташа өсуі кемінде 5 пайызды құрайды.
Сонымен қатар, Қаржы министрі Мәди Такиев 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының негізгі бағыттарын таныстырды. Министр құжатты әзірлеу кезінде экономикалық жағдай, бюджеттік және макроэкономикалық тәуекелдер ескерілген. Бұл ретте экономикалық өсімді ынталандыру, қаржылық тәртіпті сақтау және мемлекеттің азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық орындау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге басымдық берілген.
Қосымша баяндама жасаған Құрылтай депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина макроэкономикалық болжамдардың шынайылығына, бюджет шығыстарын жоспарлау сапасына, өңірлердің теңгерімді дамуына және мемлекеттік борышты басқаруға ерекше назар аударды. Бұған қоса депутат мемлекеттік борышқа қызмет көрсету шығындарын төмендетіп, бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру қажеттігін жеткізді.
Депутаттар сондай-ақ су ресурстарын тиімді басқару бағдарламасын қаржыландыру көздері, шаруаларды жеңілдетілген несие және лизингпен қамтамасыз ету, жолаушылар тасымалдайтын теміржол вагондарын жаңарту, отандық тауарлардың экспортын дамытуға бөлінетін қаражаттың қысқару себептері, ғылымды қаржыландыру көлемі мен оның экономикаға ықпалы сынды өзге де өзекті сұрақтарды тиісті министрліктерге қойды.
Бюджет жобасын талқылау барысында «Әділет», «Ауыл», «Respublica», «Ақ жол» және ЖСДП партиялық фракциялар өз ұсыныстарын ортаға салды. Олар бюджет қаражатын тиімді пайдалану, кірістер болжамының негізділігін арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, мемлекеттік инвестициялар мен Ұлттық қор қаражатының жұмсалуын бақылауды күшейту мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету, өңірлер арасындағы алшақтықты азайту және экономикалық өсімнің халықтың тұрмыс сапасына нақты әсерін арттыру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Отырыста «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң екінші оқылымда мақұлдап, үшінші оқылымда қабылдады.
Құжатты әріптестеріне Құрылтай депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смолякова таныстырды. Оның айтуынша, депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы Мемлекет басшысының бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында екі жаңа ерекшелік белгісін енгізу жөнінде берген тапсырмасын орындауға бағытталған.
Заңда отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан, жемісті қызмет атқарып, ерекше еңбек сіңірген азаматтарға арналған «Шәмші Қалдаяқов» медалін енгізу көзделген. Сонымен қатар бейнелеу өнері саласында үздік туындылар жасап, отандық көркем мәдениеттің дамуына ерекше үлес қосқан қайраткерлерге «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын беру ұсынылған.
Отырыс соңында Құрылтай депутаттары мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша 5 депутаттық сауал жолдады. Олардың барлығы Құрылтайдың ресми сайтында және Telegram арнасында жарияланады.
Алқалы жиын қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына қатысты брифинг өтті. Журналистердің сұрақтарына Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қаржы министрі Мәди Такиев, Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі Ольга Перепечина және Құрылтай депутаты Гүлназ Атамқұлова жауап берді.