Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосу рәсіміне қатысты
Президенттер Каспий теңізінің табаны арқылы Қазақстан мен Әзербайжанды жалғастыратын ұзындығы 380 шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желісін салтанатты түрде іске қосты.
Жобаны «Қазақтелеком» АҚ мен AzerTelecom компаниясы бірлесіп жүзеге асырды. Бұл желі Қазақстанды және Орталық Азияның басқа елдерін, сондай-ақ Қытайды Еуропамен жалғайтын жаңа байланыс бағытының бір бөлігі саналады. Ол Жерорта теңізі мен Қара теңізде орналасқан байланыс жүйелеріне қосылуы мүмкін.
Жоба Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту тұрғысынан стратегиялық мәнге ие. Атап айтқанда, ТОБЖ елімізде қосымша халықаралық байланыс желісін іске қосып, отандық нарыққа жаһандық технологиялық компанияларды тартуға және бұлтты сервистер мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға жағдай жасайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны іске қосу рәсімінде аталған желі Қазақстан мен Әзербайжанның Орта дәлізді дамыту бойынша бірлескен күш-жігеріне тың серпін беретінін айтты.
Ильхам Әлиев ТОБЖ-ны іске қосу арқылы Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы ықпалдастықты нығайтуға тағы бір қадам жасалғанын атап өтті.
Ашылу салтанатында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Әзербайжанның цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиев және «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин сөз сөйледі.
Сонымен қатар мемлекеттер басшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Әзербайжан Республикасы Үкіметі арасында бұған дейін қол қойылған Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді алмасу рәсімі өтті.





