Cемей2°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
452.12 508.95 5.41

Отбасы құндылықтары – Конституция қорғауында

Кеше, 11:18

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында отбасы институтын нығайтуға, ана мен баланың құқықтарын қорғауға және ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігіне ерекше мән берілген. Атап айтқанда, Ата Заңның 30-бабы неке мен отбасының құқықтық негіздерін айқындап, ата-аналар мен балалардың өзара міндеттерін белгілейді.

Конституцияның 30-бабына сәйкес, неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады. Бұл норма отбасының қоғамдағы маңызын айқындап қана қоймай, отбасылық құндылықтарды сақтау мен балалардың құқықтарын қорғаудың конституциялық деңгейде қамтамасыз етілетінін көрсетеді.

Бапта неке ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалған. Яғни, некеге тұру екі тараптың ерікті келісіміне негізделіп, олардың құқықтық теңдігі сақталуы тиіс. Бұл талап отбасы құрудағы еркіндік пен жауапкершіліктің маңызын көрсетеді.

Сонымен қатар, Конституцияда балаға қамқорлық жасау және оны тәрбиелеу ата-ананың ажырамас құқығы әрі міндеті ретінде бекітілген. Баланың денсаулығына, қауіпсіздігіне, тәрбиесіне және жан-жақты дамуына жағдай жасау – ата-ананың басты жауапкершілігінің бірі. Өйткені баланың тұлға болып қалыптасуында отбасының орны ерекше.

30-бапта ұрпақтар сабақтастығына да назар аударылған. Атап айтқанда, кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті. Бұл норма қоғамда үлкенді құрметтеу, ата-анаға қолдау көрсету және отбасылық жауапкершілік қағидаттарының маңызын айқындайды.

Отбасы – баланың алғашқы тәрбие мектебі әрі қоғам тұрақтылығының маңызды негізі. Сондықтан отбасын қолдау, ана мен баланы қорғау және ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау – мемлекеттің де, қоғамның да ортақ міндеті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив