Үржар ауданында Жедел басқару орталығы құрылды
Облыс әкімі Берік Уәли Үржар аудандық полиция бөліміне барып, Жедел басқару орталығын құру және заманауи бейнебақылау жүйесін енгізу жұмыстарымен танысты.
Жоба аясында 54 сыртқы стационарлық және 18 айналмалы бейнебақылау камерасы, сондай-ақ, 3 ішкі камера орнату көзделген. Бұдан бөлек көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын өлшейтін 5 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылады. Жаңа техникалық жабдықтар аудан аумағындағы қоғамдық орындар мен жол қозғалысын бақылауға, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Жедел басқару орталығы бейнебақылау камераларынан түсетін ақпаратты жедел өңдеуге, оқиғалар туралы мәліметтерді уақтылы алуға және тиісті қызметтердің жұмысын үйлестіруге жағдай жасайды. Бұл төтенше жағдайлар мен өзге де оқиғаларға жедел ден қоюға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Жоба туралы облыс әкіміне Полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров пен цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы баяндады.
Қазіргі уақытта Үржар ауданындағы білім беру ұйымдарының 22 нысанындағы 400 бейнебақылау камерасы Жедел басқару орталығына қосылған. Алдағы уақытта орталыққа тағы мыңға жуық камераны қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында базарлар, дүкендер және адам көп шоғырланатын өзге де қоғамдық орындар бар.
Айта кетейік, Жедел басқару орталығында бейнебақылау жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жасанды интеллект технологиясы енгізілген. Соның негізінде тестілеу режимінде үш күнде 6444 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Аймақ басшысы орталықтың жұмысын ұйымдастыруда заманауи цифрлық технологияларды тиімді пайдалану мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.
Үржар ауданында Жедел басқару орталығын салу және заманауи бейнебақылау жүйесін енгізу – қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба.


