Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хун Манет кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Мемлекет басшысы келіссөз аясында Камбоджа Премьер-министрі Хун Манеттің Қазақстанға алғашқы сапары екіжақты қарым-қатынасты жандандыруға жол ашатынын және ортақ ниетті нақты іске ұластыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде Қазақстан мен Камбоджаның халықаралық аренада, соның ішінде БҰҰ жанындағы екі елдің тұрақты өкілдіктерінің қызметі аясында белсенді қарым-қатынасты жолға қойғанын атап өтті. Президент БҰҰ Бас ассамблеясының күн тәртібіндегі бірқатар мәселе бойынша Қазақстанның бастамаларына Камбоджаның қолдау көрсеткенін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Хун Манеттің басшылығымен Камбоджа әлеуметтік-экономикалық табыстарға қол жеткізгеніне тоқталды. Мемлекет басшысы Қазақстан Камбоджа Үкіметінің Cambodia Vision 2050 және Pentagonal Strategy бағдарламаларында межеленген ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру бағытындағы күш-жігерін қолдайтынын айтты.
Президент жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай әлеует бар деп санайды.
Премьер-министр Хун Манет екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың айрықша сипатына назар аударды.
Хун Манет Камбоджа азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салаларында ықпалдастықты жандандыруға ниетті екенін айтты.
Тараптар жоғары деңгейде жүргізілген бүгінгі келіссөздер елдеріміз арасындағы сауда-саттық көлемін ұлғайтып, іскерлік барыс-келісті нығайтуға және серіктестің тың бағыттарын жолға қоюға ықпал ететініне сенім білдірді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хун Манет Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Қазақстан Президенті мен Камбоджа Премьер-министрінің қатысуымен үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар алмасу рәсімі өтті:
1. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Камбоджа Корольдігі Пошта және телекоммуникациялар министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
2. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы мен Камбоджа Корольдігі Ішкі істер министрлігі арасында цифрлық үкімет, GovTech және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
3. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Камбоджа Корольдігі Сауда министрлігі арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
4. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Камбоджа Корольдігі Мәдениет және көркем өнер министрлігі арасында мәдениет пен өнер салалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Камбоджа Корольдігі Туризм министрлігі арасындағы туризм саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
6. Астана мен Пномпень қалалары арасында бауырластық байланыс орнату туралы меморандум.










