Cемей6°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
452.12 508.95 5.41

Қазақстанда маймыл шешегінің таралу қаупі төмен деп бағаланады

Бүгін, 10:27

Қазақстанда маймыл шешегінің кеңінен таралу қаупі төмен деп бағаланады. Алайда әлемнің жекелеген елдерінде ауру жағдайларының тіркелуі және халықаралық көлік қатынастарының белсенділігі инфекцияның ел аумағына әкеліну ықтималдығын жоққа шығармайды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.


Ведомствоның мәліметінше, инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 26 тамыздағы № 8 қаулысына сәйкес мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілген.
Сонымен қатар ауру жағдайлары тіркелген елдердегі эпидемиологиялық ахуал және сол мемлекеттерден келген азаматтар бақылауда. Барлық өткізу пункттері мен санитариялық-карантиндік пункттер дене температурасын жанаспай өлшейтін құралдармен жабдықталған. Медициналық ұйымдар мен зертханалардың инфекцияны уақтылы анықтап, диагностикалауға дайындығы қамтамасыз етілуде. Ал ауруға күдік туған жағдайда тиісті хабарлау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмдері қолданылады.


Министрліктің хабарлауынша, көліктің барлық түрінде жүргізілген санитариялық-карантиндік бақылау нәтижесінде аса қауіпті инфекциялар анықталған жоқ. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты ерекше назар аударуды қажет ететін елдердің тізімі әлемдегі ахуалдың өзгеруіне қарай жаңартылып отырады.


Маймыл шешегі — MPXV вирусы қоздыратын жұқпалы ауру. Ол негізінен инфекция жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыс кезінде, соның ішінде терідегі бөртпелермен немесе биологиялық сұйықтықтармен жанасу арқылы беріледі. Сондай-ақ вирус ластанған киім, төсек-орын жабдықтары және басқа да заттар арқылы, сондай-ақ ауру жануарлармен байланыс кезінде жұғуы мүмкін. Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшықеттердің ауыруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және теріде бөртпелердің пайда болуы жатады.
Денсаулық сақтау министрлігі инфекцияның алдын алу үшін теріде себебі белгісіз бөртпелері немесе басқа да инфекциялық ауру белгілері бар адамдармен тығыз физикалық байланыстан аулақ болуға кеңес береді. Сондай-ақ жеке бас гигиенасын сақтау, күдік тудыратын адамдардың киімдері мен жеке заттарын ортақ пайдаланбау маңызды. Егер ауруға тән белгілер байқалса, әсіресе маймыл шешегі тіркелген елдерге барғаннан кейін, медициналық көмекке уақытылы жүгіну қажет. Бұл ретте дәрігерге сапарлар мен ықтимал байланыстар туралы хабарлау ұсынылады.


Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайды бақылауды жалғастырып, халықтың денсаулығын қорғау және елдегі санитариялық-эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында тиісті шараларды қабылдап жатыр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив