Қазақстанда 81 психикалық денсаулық орталығы мен аутизмі бар балаларға арналған 189 бөлімше ашу жоспарлануда
Қазақстанда психикалық денсаулық саласындағы көмек көрсету желісін кеңейту жоспарлануда. Атап айтқанда, 81 бастапқы орталық пен 189 аутизмі бар балаларға арналған күндізгі болу бөлімшесін ашу көзделіп отыр. Бұл ерте диагностикалау, емдеу және оңалту қызметтерінің қолжетімділігін, оның ішінде ауыл тұрғындары үшін де арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы ведомствода өткен кеңесте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева мәлімдеді.
Ол Халықтың психикалық денсаулығын сақтаудың 2027–2031 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын таныстырды. Құжат 11 бағыт бойынша 60 іс-шараны қамтиды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық психикалық денсаулық орталығының басшысы Әлия Рүстемова өңірлік 20 психикалық денсаулық орталығына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы баяндады.
«Бүгінде психикалық денсаулық мәселелері ерекше маңызға ие. Біздің міндетіміз – пациенттің тұрғылықты жеріне қарамастан, еліміздің барлық өңірінде мамандандырылған көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Қазіргі уақытта елімізде 20 психикалық денсаулық орталығы, 101 бастапқы орталық және 212 бейінді кабинет жұмыс істейді. Сонымен қатар 12 өңірде қосымша 81 бастапқы орталық ашу қажеттілігі айқындалды. Аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта психикалық денсаулық орталықтары мен аудандық ауруханалар базасында 189 күндізгі болу бөлімшесін ашу көзделген. Бұл тәулік бойы стационарға жатқызбай-ақ, балаларды оңалту мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Министр қызметтің кадрлық әлеуетін нығайтуды, әсіресе балалар мен ересектердің психиатриясы бағыттарында мамандармен қамтамасыз етуді күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ мамандарды әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын қарастыруды міндеттеді.
«Кадр тапшылығы әлі де негізгі мәселелердің бірі болып отыр. Мамандар даярлауды кеңейту, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың білім беру гранттары есебінен оқыту көлемін арттыру және медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын қарастыру қажет», – деді министр.
Кешенді жоспар жобасында медициналық ұйымдарды жаңғырту, жабдықтарды жаңарту, амбулаториялық көмекті дамыту және дәрілік заттармен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру де көзделген. Психикалық денсаулық саласында бұзылыстарды ерте анықтаудан бастап емдеу, оңалту және әлеуметтік қолдауға дейінгі көмектің қолжетімді әрі үздіксіз жүйесін қалыптастыру басты басымдық доп қалады.