Cемей9°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
452.12 508.95 5.41

Бала құқығы - басқарма бақылауында

Бүгін, 10:09

Қандай шаңырақ үшін де ұрпақ тәрбиесінің дұрыс жолға қойылғаны маңызды. Ол үшін отбасындағы баланың өзін жайлы сезінуі әрі құқығының қорғалуы басты орында болуы шарт. Сол себептен де Абай облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және олардың сақталуын қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстарды атқаруда.

Дегенмен, қоғамдағы күнделікті тұрмыстық жағдайлардың себебінен туындайтын оқыс оқиғалардың да бар екені рас. Балалар құқықтарын қорғау басқармасы құрылған күннен бері осы мәселеге қатысты жеке азаматтар мен заңды тұлғалардан 31 өтініш түскен. Оның ішінде шағымдар да бар.  Әрбір өтініш пен шағым ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптары негізінде қаралып, тиісті шешім қабылданатынын ескерсек, бұл өтініштердің назардан тыс қалмайтындығын көрсетеді. Тиісті жұмыстарды атқару мақсатында Абай облысы әкімдігінің қаулысы негізінде Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жұмыс тобын үйлестіруші ретінде 

Абай облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасы бекітілді. Бекітілген жоспарларға сәйкес 1 облыстық, 2 қалалық және 10 аудандық комиссия жұмыс жасайды. Есепті кезеңде 1 облыстық, 1 қалалық, 1 аудандық комиссия отырысы өткізіліп, 18 мәселе қаралды. Нәтижесімен тиісті мемлекеттік органдарға 15 хаттамалық тапсырма жүктелді. Олардың орындалу барысы бақылауға алынған. Әрбір комиссия өз қызметі туралы ақпаратты халыққа қолжетімді ету мақсатында Instagram әлеуметтік желісінде ресми парақшаларын жүргізеді. Парақшаларда балалардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ақпараттық-түсіндіру материалдары тұрақты жарияланады. 

Сондай-ақ, бекітілген жоспар негізінде жергілікті БАҚ көздерінде ақпараттық және түсіндіру сипатындағы материалдар жарық көруде. Балалардың  құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында мектеп директорлары, директордың орынбасарлары және педагог-психологтарымен жүйелі кездесулер өткізу жолға қойылған. Кәмелетке толмағандар балалардың мәселесін ерте анықтап, дер кезінде көмек көрсету бағытында «111» байланыс орталығының қызметі маңызды рөл атқарады. 2025 жылы республика бойынша осы орталыққа 125 мыңнан астам өтініш түскен болса, оның ішінде Абай облысы бойынша 25 өтініш тіркелген. 

Жалпы, осы орталық арқылы түскен өтініштер  ішінде кибербуллинг, зорлық-зомбылық, психологиялық көмек, денсаулық сақтау, қорғаншылыққа алу мәселелеріне, ата-аналардың отбасылық жауапкершілікті сезінбеуіне және сәбилер үйіне бала орналастыруға қатысты өтініштер бар. Өтініштердің барлығы да назарға алынып, мәселердің шешімін табу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Мәселен, қаладағы білім ошақтарының бір оқушысына жоғары сынып оқушылары тарапынан буллинг жасалатыны белгілі болды. Осыған сәйкес,  балалар құқықтарын қорғау, денешынықтыру және спорт басқармаларының мамандары мен полиция өкілдері бар арнайы комиссия тарапынан қысым көрсетуге қатысқан үш жеткіншектің ата-аналарымен профилактикалық жұмыс жүргізілді. Жәбірленуші балаға психологиялық көмек көрсетіліп, білім ошағындағы жауапты қызметкерлерге тәртіптік шаралар қолданылды. Мәселе әлі де бақылауда. Бұдан өзге бір оқу орнының І курс студентіне жоғары дәрежеде педагогикалық назар аудару қажеттілігі туралы өтініш түскен болатын. Комиссияның зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында студенттің қоғамға қауіпті әрекет жасағаны (бейнематериал бар), сабақ кезінде электрондық темекі пайдаланғаны анықталды. Нәтижесінде заңды өкілдердің ата-аналық міндеттерін орындауда кемшілікке жол бергені туралы қорытынды шығарылды. Сонымен қатар білім басқармасы мен полиция департаментіне тиісті шаралар қабылдау туралы ұсыныс хат жолданды.

Сондай-ақ, Семей қаласы әкімдігіне бұл мәселені Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қарау ұсынылды. Осыған сәйкес, комиссияның шешімімен ол ювеналды полицияның профилактикалық есебіне қойылып, оған қатаң ескерту жасалды. Биылға оқу жылы басталған кезде қала мектептерінің бірінде балалар арасында орын алған резонанстық жағдай Басқарманың толық бақылауына алынып, білім ошағында ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды.                                                                                                                 

Тағы бір айтар жайт, 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын  Абай облысы бойынша іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес  бекітілген 16 тармақ  бойынша жүйелі және тұрақты жұмыс атқарылуда. Кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналары арасында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп түнгі рейдтер ұйымдастырылып, кәмелетке толмағандарға профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

Білім беру ұйымдарында «111» байланыс орталығының QR-кодтары бар ақпараттық белгілерді орналастыру толық қамтамасыз етілді. Басқарма тарапынан балалардың құқықтарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіліп, проблемалық жағдайлар бойынша балаларға қажетті көмекті жедел ұйымдастыру шаралары алдағы уақытта да жалғасатын болады. 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив