Мемлекет басшысы салтанатты жиынға қатысушыларды Құтқарушы күнімен құттықтап, төтенше жағдай саласының қызметшілеріне ризашылығын білдірді.
– «Құтқарушы» сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. «Құтқару» – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Сондықтан халқымыз сіздерді, яғни еліміздің барша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды. Бұл – шын мәнінде әділетті баға. Әрине, құтқарушы болу көптің алғысына бөлейтін абыройлы және мәртебелі қызмет екені сөзсіз. Алайда азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек ету бәрінің қолынан келе бермейтін шаруа екенін де ұмытпауымыз қажет. Батыл, қайсар, ширақ әрі өжет болу – өз алдына өте маңызды талап екені даусыз. Бірақ құтқарушы ең алдымен елге жаны ашитын отаншыл азамат және білікті маман болуға тиіс. Осындай күрделі жұмысты рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адамдар ғана таңдайды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай саласының қызметшілері ешқандай қауіп-қатерден тайсалмайтын, сын-сағатта жедел шешім қабылдай алатын, арнайы даярлықтан өткен нағыз кәсіби мамандар деп есептейтінін айтты.
– Құтқарушылардың еңбегі қашанда еліміздің көз алдында. Сіздер күн сайын тәуекелге барып, кәсіби міндет пен жауапкершілікті бәрінен биік қоясыздар. Басқаша айтқанда, от пен судың ортасында жүресіздер. Төтенше жағдайға түскен адамдарға жәрдем беріп, оларды қиындықтан құтқару үшін қажымай қызмет етесіздер. Құтқарушылар кез келген төтенше жағдайда бірінші болып көмекке ұмтылады. Олар өзгенің өмірін сақтау үшін, өз өмірін қатерге тігеді. Бұл – нағыз құтқарушыға тән батырлық. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздердің ерен еңбектеріңіз қоғамымыздың айрықша сый-құрметіне лайықты деп санаймын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазір еліміз түбегейлі жаңғыру мен өзгеріс жолына нық сеніммен қадам басқанын атап өтіп, қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылғанына тоқталды.
– Еліміздің басты мақсаты да, міндеттері де – айқын. Біз біртұтас қоғам болып заң мен тәртіп үстемдік құратын, ынтымағы мықты, бірлігі бекем, Әділетті, Озық, Күшті және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Жалпы халық қолдаған жаңа Конституциямыз 1 шілде күні заңды күшіне енді. Бұл – бүкіл еліміз үшін тарихи оқиға. Конституциямызға көптеген ел зор ықыласпен назар аударды. Өйткені Конституция жарқын болашаққа жол ашатын қастерлі құжатымыз, ұлтымыздың темірқазығы ретінде заман талабына сай мүлде жаңа сипатқа ие болды. Конституцияда адам және оның өмірі ең жоғары құндылық екені айқын жазылды. Азаматтық қорғаныс саласының әр қызметкері адам өмірін қорғап, Конституциямыздың осы мызғымас құндылығын сақтауға зор үлес қосуда. Сондықтан еліміздің барша құтқарушыларын қауіпсіз Қазақстанның мызғымас тірегі десек, артық болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, ұлтымыздың болашағына тікелей әсер ететін осындай іргелі өзгерістердің арқасында мемлекеттік басқару жүйесі толық жаңғырды.
– Елімізде бір палаталы Құрылтай жұмыс істей бастады. Конституциялық мәртебесі бар ең жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі де өз жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің реформасы жүргізілді. Таяу арада барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді. Қазіргі таңда менің тапсырмаммен еліміздің Қарулы күштерін реформалау, жаңа үлгідегі әскер жасақтау жұмысы басталды. Қазақстанның армиясы қазіргі заманның әскери талабына сай, басқа сөзбен айтқанда, әрбір қауіп-қатерге тойтарыс беруге дайын озық, мықты қарулы күш болуға тиіс. Себебі Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін көздің қарашығындай қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мемлекетіміздің стратегиялық міндеті саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғаныс саласын дамыту үшін озық технологияларды енгізу және материалдық-техникалық әлеуетті нығайту маңызды екеніне назар аударды.
– Кейінгі бес жылда құтқарушыларымыз 75 мыңнан астам жедел шақырту бойынша 240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетті. Мемлекет азаматтық қорғаныс жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде бұл салаға қойылатын талап түбегейлі өзгеруде. Ең басты міндет – апаттың алдын алу. Сондықтан осы салаға озық технологияны және жасанды интеллектіні енгізу аса маңызды. Құтқару қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту да – өзекті мәселе қатарында. Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа атқарылып жатыр. Соңғы үш жылда 3 мыңдай техника, соның ішінде жаңа ұшақтар мен тікұшақтар, сан алуан қызмет көрсетуге арналған кемелер сатып алынды. 60-қа жуық өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынды. Төтенше жағдайлар министрлігінің осыдан екі жыл бұрын құрылған ахуалдық орталығы азаматтық қорғаныс жүйесін басқаруға арналған маңызды құрылымға айналды. Соның арқасында тұрақты бақылау, қауіп-қатерді алдын ала болжау, жедел шешім қабылдау жұмысы оң нәтиже бере бастады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өндіріс орындарындағы, кеніштердегі, сондай-ақ шалғай елді мекендердегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылып жатқанын тілге тиек етті.
– Құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін өндірістік қауіпсіздік саласына цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдер енгізіліп жатыр. Бұдан бөлек, шалғай елді мекендердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта «Ауыл құтқарушылары» бастамасы қолға алынды. Жоба аясында кейінгі екі жылда 300-ге тарта өрт сөндіру бекеті құрылды. Нәтижесінде 450-ге жуық өрт дер кезінде тоқтатылды. Осы игі тәжірибені бүкіл ел аумағында кеңінен қолдану қажет. Тағы бір маңызды мәселе. Мемлекет тарапынан құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуге тиіс. Азаматтық қорғаныс саласы мамандарын заман талабына сай техникамен, қажетті қорғаныс құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Құтқарушылардың кәсіби даярлығын үнемі жетілдіріп отыру керек. Сонымен бірге олардың мейлінше қауіпсіз жағдайда еңбек етуін қамтамасыз ету қажет. Мұның бәрі де – өте өзекті міндеттер, Үкімет осы міндеттерге назар аударуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазіргі кезде құтқарушылар жағдайды сараптай білуі, батыл болуы, жедел шешім қабылдап, кез келген қолайсыз ахуалдан жол табуы қажет деп санайды.
– Денені шыңдаумен бірге заманауи технологиялардың тілін білген жөн. Мәселен, ұшқышсыз аппараттардың және автоматтандырылған жүйелердің кеңінен қолданыла бастауы арнайы білім мен құзыретті талап етеді. Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясы төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жаңа буынын даярлауда негізгі рөл атқарады. Бұл – тұтас саланың ұстаханасы саналатын еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны. Академия уақыт талабына сай әлемдегі үздік тәжірибелерді қолданып, күрделі құтқару операцияларын зерделеуі керек. Сонымен қатар қазақстандық құтқарушылар мектебінің озық дәстүрлерін нығайта отырып, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтау қажет. Біздің азаматтық қорғау органдары төтенше жағдаймен күресте елімізде де, одан тысқары жерлерде де кәсібилігімен көзге түсіп жүр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет өз азаматтарына қай жерде болса да көмек қолын созатынын еске салды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қағидаттар Конституциямызда көрініс тапқан. Ата заңымызда ең алдымен адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтау, оның құқығын қорғау ең жоғары құндылықтар ретінде қарастырылады. Осы орайда Президент қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын алға тартып, бейқамдық пен салғырттықты кез келген қоғамды артқа тартатын қасиеттер ретінде атады.
– Дегенмен апатқа көбіне адамдардың өзі себеп болатынын мойындау керек. Егер әркім өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындаса, апаттардың алдын алып, адамдардың өмірін сақтауға болар еді. Кейбіреулердің немқұрайдылығы мен салғырттығының салдары тым қымбатқа түседі. Қоғам қауіпсіздігі әр жанның ішкі тәртібіне байланысты қалыптасады. Сондықтан ежелден адам бойындағы жинақылық, тәртіптілік пен жауапкершілік секілді қасиеттер жоғары бағаланады. Тиянақты, ұқыпты, жауапкершілігі жоғары азаматтар – өркениетті және қауіпсіз қоғамның арқауы. Біз озық ойлы ұлт боламыз десек, өскелең ұрпаққа заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, табиғатты аялау құндылықтарын аманат етуіміз керек. Бұл қасиеттер қоғамдағы жаңа этиканың айнымас өлшемі болуға тиіс. Қиналған адамға көмек қолын созу – ұлтымыздың болмысына сіңген дағды. Мұны жауапкершілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп, бейбіт күнде ерен ерлік жасап жүрген азаматтарымыз нақты ісімен дәлелдеп жүр. Мемлекет осындай адамдарды ешқашан назардан тыс қалдырмайды, оларға лайықты құрмет көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сала мамандары өздеріне жүктелген міндетті адал атқарып, әрдайым ел игілігі үшін қызмет етіп келе жатқанын айтты.
– Жұртымыз құтқарушылардың қажырлы еңбегіне қашанда орасан зор құрметпен қарайды, сіздерді жоғары бағалайды. Бүгін біздің ортамызда ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар да отыр. Бұл шын мәнінде әлеуметтік жауапкершілігі жоғары және отаншыл адамдарға тән әрекет екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.