Семейде «ABAI ШЕБЕР FEST» облыстық этнофестивалі өтуде
Семейде Республика күніне орай ұлттық өнерді ұлықтап, ата-бабадан аманат болып жеткен қолөнер мұрасын жаңғыртуға бағытталған «ABAI ШЕБЕР FEST» облыстық этнофестивалі өтті. Мәдени іс-шара дәстүрлі өнерді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды заманауи бағытта танытуға арналған.
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада ұйымдастырылған фестивальге Абай өңірінің қалалары мен аудандарынан қолөнер шеберлері, этнодизайнерлер, зергерлер, ұлттық киім дизайнерлері мен шығармашылық ұжымдар қатысты. Сонымен қатар еліміздің өзге өңірлерінен арнайы шақырылған өнер және қолөнер саласының мамандары тәжірибелерін ортаға салып, ұлттық өнердің даму бағыттарын талқылады.
Фестивальдің басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі қолөнерін кеңінен насихаттау, шеберлердің шығармашылығын қолдау және ұлттық мұраны заманауи үлгіде таныту. Жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырып, қолөнер саласындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасауға басымдық берілді.
Мәдени бағдарлама аясында «Ұлттық қолөнердің бүгіні мен болашағы» тақырыбында семинар, «Шебер қол – ел мұрасы» атты шеберлік сағаттары және «Ұлы дала мұрасы» этнофестиваль-көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушылар ұлттық қолөнердің сан алуан үлгісімен танысып, дәстүрлі әдістердің заманауи дизайнмен сабақтасу ерекшеліктерін зерделеді.
Іс-шара барысында ұлттық қолөнердің бүгінгі тынысы мен болашағы сөз болып, дәстүрлі өнерді сақтап, оны жаңа бағытта дамыту мәселелеріне назар аударылды. Мұндай басқосулар шеберлер арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, жас ұрпақтың ұлттық мұраға деген құрметін арттыруға ықпал етпек.
«ABAI ШЕБЕР FEST» фестивалі дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстырып, қазақ халқының бай мәдени мұрасын дәріптейтін маңызды алаңға айналуда. Ұлттық өнерді ұлықтаған шара қолөнер шеберлерінің шығармашылығын кеңінен танытуға және төл мәдениеттің сабақтастығын сақтауға мүмкіндік берді.






