Үкіметте «G4 City» жобасын іске асыру барысы қаралды
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік органдар, «Астана» халықаралық қаржы орталығының, Алматы облысы әкімдігінің, «Caspian Group» АҚ өкілдерінің қатысуымен «G4 City» жобасын іске асыру мәселесі бойынша селекторлық жиын өткізді.
2022 жылғы 24 желтоқсанда Премьер-Министр Ә. Смайыловтың төрағалығымен жобаны іске асыруға қатысты жиын өтіп, оның қорытындысы бойынша арнайы экономикалық аймақ мәртебесін беру жөніндегі шараларды қабылдау мерзімдерін кезең-кезеңімен айқындау бөлігінде Жол картасын жаңарту, сондай-ақ, Алматы қаласының спутник қалаларының бас жоспарларын түзету арқылы оның Тұжырымдамасына сәйкес жобаның бас жоспарын бекіту туралы тапсырма берілді.
Қазіргі уақытта Gate City спутник-қаласының аумағында магистральдық инженерлік желілер тартылып, «Қоянқұс» тұрғын алабының құрылысы басталды.
Бүгінгі таңда Алматы агломерациясының дамуын реттейтін 4 қала құрылысы құжаты әзірленіп, бекітілді:
- Алматы қаласы маңындағы ауданның бас жоспары;
- Алматы агломерациясының аймақаралық схемасы;
- Алматы облысы құрылысының кешенді сызбасы;
- Алматы қаласының арнайы қала құрылысын реттеу аймағында орналасқан Алматы қаласынан Үлкен Алматы айналма жолына дейінгі Алматы облысы құрылысының кешенді сызбасы.
Алматы облысының әкімдігі Алматы қаласының маңындағы елді мекендердегі қала құрылысы жобасының жүзеге асырылуын бақылауда.
Еске салайық, 2008 жылдан бері Алматы облысының аумағында 4 жаңа «G4 City» серіктес қаласын дамыту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Былтыр «G4 City» жобасын іске асыру бойынша ұйымдастыру шараларының жоспары бекітіліп, онда кешенді даму, оның ішінде инвесторлардың Қазақстанға сапары кезінде көтерілген мәселелер қамтылған.
Қазақстан Республикасының Президенті қол қойған тұжырымдамаға сәйкес, жоба ұзақ мерзімді перспективада «Алматы – Қонаев» тас жолының бойында орналасқан интеграцияланған қала ретінде дамиды және төрт ауданнан тұрады: Gate – іскерлік және қаржы орталығы, Golden – білім беру және медициналық хабтар, Growing – индустриялық және логистикалық хабтар, Green - туризм және ойын-сауық орталығы.