«Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы»
Еуразия кеңістігінің орталығы, Абай облысының жүрегі – киелі Жидебай жері. Киелі өлкеде хәкім Абай Құнанбайұлының және немере інісі, ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлы екеуінің мүрдесі жерленген қастерлі зиярат орны.
Абайдың «Жидебай –Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына қарасты қорық аймағы 6400 га жерді қамтиды. Аумақта 16 тарихи ескерткіш орналасқан. Олар: Абай, Шәкәрім мемориалдық кешені, Құдайберді қорымы, Кеңгірбай би мазары, Абай музей-үйі, Мұсақұл төбесі, Махмұт, Орыс қоралары (мектептері), Ырыздықбай, Зұлғарыш, Зүлпатан мекендері. Соның ішінде туристер көп келетін Абай, Шәкәрім мемориалдық кешені.
Бұл кешен жобасының авторы - бірнеше халықаралық бәйгенің жеңімпазы Бек Әнуарбекұлы Ыбыраев бастаған сәулетшілер тобы.
Кешен авторлары қос арыстың қабірлерін қымтай көтерілген қос мұнараны латформа-стилобат, қарапайым тілмен айтқанда қабырға – тағанның үстіне қоюды ұйғарады.
Қабырға тағанның өлшемі: ұзындығы – 200 м, көлденеңі – 65 метр, биіктігі- 5 м.
Абайға арналған мұнараның тұрқы 32,5 м, ал шеңберінің шар ені 12 м, Шаһкәрім қажының мұнарасының тұрқы да, шар ені де ағасынікінен бір метрге кем, яғни 31,5х11м.
Кешеннің кіреберісіне арнайы тас қойылған. Шұңғыл тастың ішінде «Қазақтың бас ақыны» ұлы Абайдың қабір басындағы топырағы салынған. Өйткені, кесенеге бару үшін келген зиярат етушілер мазар құлпытасына дейін 5 метр биіктікке дейін көтеріледі.
Кешендегі келесі нысан – Грек, Рим сәулет үлгісінде салынған амфитеатр. Амфитеатр шар ені – 36 м болады. Бұл жерде жылма-жыл дәстүрлі түрде республикалық Абай, Шәкәрім оқулары өтеді.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында баба рухы мәңгілік тыныстаған Абай-Шәкәрім мемориалдық кешені және ақынның музей-үйі ел мақтанышы боларлықтай жаңа нысанға айналды. Нысан заманауи талаптарға сәйкес ғылыми қайта жаңғыртудан өтіп, толықтай гранит таспен көмкерілді. Кешен инфрақұрылымы жасыл желек жамылып, шырша түптері егіліп, амфитеатр төбесі зәулім сәулетті күмбезге айналды. Кіре беріс алаңға үлкен конструкциялық жобалар жасалып, кешеннің аумағы, ішкі бөлігі толығымен жарықтандырылды.Кешенде «Шежірелі Шыңғыстау» музейі өз жұмысын бастады.
Кесенеге барар жол ортада Абайдың әжесі Зере мен шешесі Ұлжанға арналған «Аналар мазары» бар. Дәл осы қорымда Шәкәрімнің әкесі Құдайберді, Құнанбай балаларын оқытқан Ғабитхан молда мен үй қызметшісі Шәукенбай жерленген зиярат орыны бар.