Ресейден заңсыз әкелінген тауық жұмыртқалары анықталды
Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринариялық-санитариялық талаптарының бұзылғаны туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті хабарлады.
«Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде Самар облысынан (РФ) Қызылорда облысына бет алған жүк көлігі тоқтатылды. Тексеру барысында көлікте 63 мың дана тауық жұмыртқасы тасымалданып келе жатқаны белгілі болды.
Құжаттық бақылау нәтижесінде заңбұзушылық анықталды: ветеринариялық ілеспе құжаттарда көрсетілген жүк жөнелтуші жануардан алынатын өнімдерді ЕАЭО елдеріне жеткізуге рұқсаты бар ұйымдардың тізіліміне енгізілмеген. Осы себепті жүк кері қайтарылды. Ал жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Тасымалдаушыға қолданыстағы ветеринариялық-санитариялық талаптар түсіндірілді.
Айта кетсек, 2025 жылдың басынан бері ЕАЭО елдерімен шекарада ветеринариялық-санитариялық инспекторлар 57 185 көлік құралын және шамамен 738 мың тонна мал шаруашылығы өнімдерін тексерген. Нәтижесінде 1 020 көлік кері қайтарылып, 397 әкімшілік хаттама толтырылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 19,7 млн теңгені құрады.
Сонымен қатар, үшінші елдермен шекарадағы өткізу бекеттерінде 21 654 автокөлік, 69 802 теміржол құрамы, 257 теңіз кемесі және 2,139 млн тоннадан астам мал шаруашылығы өнімі тексерілді. Тексеру қорытындысы бойынша 24 автокөлік кері қайтарылып, 24 әкімшілік хаттама ресімделді.