Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
523.17 550.06 4.93

Баршатаста Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы орта мектептің 100 жылдығы атап өтілді

6-10-2023, 09:00 018.kz

Баршатас ауылы Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы орта мектептің 100 жылдығын үлкен дүбірлі той етіп өткізді. Торқалы тойға жиналған жұртшылық Оспанқұл Меңаяқұлының мүсінін ашу рәсіміне қатысты. Бұл - үлкен жақсылық нышаны. Елдің абыройын асқақтатқан осы мерекеге орай Қазақстанның құрметті байланысшы, академик, техника ғылымдарының докторы, профессор Бекен Жасымбайұлы Кемелбеков ағамыз жас ұрпақтың сапалы білім алуы үшін «информатика және  инновациялық  технологиялар оқу кабинетін» арнайы жабдықтап, сыйға тартты. Өзінің жас ұрпаққа деген қамқорлығын осылай білдірді.

Данышпан Абайдың Меңаяқ би жайлы ұлағатты сөзі ұрпаққа өсиет болып қалған: Меңаяқ қайтыс болғанда Абай келіп, дұға оқиды. Артынан жиналған елге: «Меңаяқ өзінің атының басын өзі алып жүрген адам еді»-дейді. Сонда елдің бір үлкен адамы: «Абай-ау, ол не дегенің. Меңаяқ өз атының басы ғана емес, рулы елді билеген адам емес пе?!-дейді. Оған Абай: - «елді билеуден адамның өзін-өзі билеуі қиын. Жағдайы келген, бақ көтеріп, таққа отыруы бола береді, бірақ соның буымен өзін-өзі ұстай алмай, абыройын шашатындар көп. Меңаяқ содан аулақ жан еді. Оның зор адамдығының өзі осында еді»-депті.

Бекен ағамыздың  бағы мен тағы - шыққан биігі мен туған жерге деген құрметі, ыстық ықыласы. Өзінің атын өзі алып жүрді, Қазақстанның Ұлттық телекоммуникация саласын дамытудағы еңбектері орасан зор болды. Халықаралық тәуелсіз СОКРАТ комитетінің (Ұлыбритания, Оксфорд) ғылыми зерттеу саласындағы арнайы сыйлығымен және «Әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін» деген төсбелгісімен марапатталды, есімі 21-ші ғасырдағы ең көрнекті ғалымдардың әлемдік тізіліміне енгізілді (2010ж.). Құс жолы бойындағы шоқжұлдыз «Кемелбеков Бекен Өмірзақтегі» деп аталып, Шұбартау еліне құт болған ӨМІРЗАҚ бабасының есімі зеңгір көкте мәңгілікке қалды.

Өзінің еңбек жолын Баршатастағы аудандық байланыс торабындағы қарапайым электромеханиктен бастаған Бекен Жасымбайұлы Алматы қаласының және республикалық деңгейдегі байланыс мекемесінің басшысы қызметіне дейін көтерілді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары Еуропадан Қытайға, Жапонияға шығатын Транс-Азия-Еуропалық (ТАЕ) халықаралық талшықты-оптикалық байланыс желісінің (Қорғастан Ташкентке дейінгі) Қазақстан аумағындағы құрылыс жұмыстарына жетекшілік жасап, осындай үлкен жобаны іске асыруға өз үлесін қосты. Қазақстанның Ұлттық ақпараттық супермагистралдың (ҰАСМ) Батыс тармағындағы (Қызылорда-Ақтөбе-Атырау-Ганюшкино- Ресей шекарасы) және Шығыс тармағының (Петропавл-Астана- Өскемен- Талдықорған) құрылысына жетекшілік жасады. Бұл жылдары Бекен Жасымбайұлы ТМД және шетелдік ғылыми зерттеу институттарымен қатар АҚШ (Lucent, Kopнинг) және еуропалық (Alcatel-Франция, Pirelli-Италия, Philips-Голандия) және жапондық (Fujikura Sumitomo) сияқты әлемдік деңгейдегі өндірушілермен жұмыс жасап, Қазақстандық байланыс жобаларына көптеген жаңалық енгізді. Осы саладағы білікті мамандарды даярлап шығарды. Германия, Австрия, Түркия, Ресей сияқты мемлекеттерге барып, білімін жетілдіруге көп көңіл бөлді. Техника ғылымдарының докторы дәрежесін қорғады. 2006 жылы Ресей-Қазақстан бірлескен жобасы аясында жарияланған «Талшықты оптикалық байланыс желісінің күрделі мәселелері» атты  монографиялық кітаптар сериясы үшін А. Попов атындағы сыйлық пен Халықаралық Шығармашылық Академиясының «Даңқ» орденімен марапатталды. Бекен Жасымбайұлы 1996 - 2005 жылдар аралығында  Алматы энергетика және байланыс институтындағы МЕК (Мемлекеттік емтихан комиссиясының) төрағасы болды, 2007-2013 жылдары Қазақ көлік және коммуникация академиясының МЕК мүшесі болды. 1998 жылдан өндірістегі жұмысымен қоса, осы аталған жоғары оқу орындарының студенттеріне арнайы дәріс оқып, озық тәжірибесін бөлісті. Оның  Қазақстан мен шетел ғылыми баспаларынан 200-ден астам ғылыми еңбектері жарық көрді, оның ішінде 9 монографиясы 27 мың тиражбен тарады және жоғарғы оқу орындарына арналған 6 оқу-әдістеменің авторы атанды. Профессор Бекен Жасымбайұлының жетекшілігімен  бір техника ғылымдарының докторы, төрт ғылым кандидаты және екі РҺ.D ізденуші қорғалды және 40-тан аса магистрлік диссертацияға басшылықты жүзеге асырды. Бекен Жасымбайұлының жетпіс жасқа толған мерейжасы Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ, Анкара) сыйлығымен атап өтілді. Туған елі қадірлеп Аягөз ауданының құрметті азаматы атанды.

Сондықтан да бүкіл саналы өмірін еңбекке, ғылымға арнаған  Бекен ағамыздың өмірбаяны өзі бітірген мектепте алтын әріптермен жазылады. Жас ұрпақтың білімге деген құштарлығын оятатын нағыз аңыз адам, өнегелі тұлға!

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив