Қазақстанда Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган құрылды
«Кәсіптік біліктілік туралы» Заңды іске асыру аясында адами капиталдың сапасын, халықты жұмыспен қамту деңгейін, Қазақстан азаматтарының табысы мен кәсіби ұтқырлығын арттыруға септігін тигізетін Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган (бұдан әрі – КБҰО) құрылды.
«Ұлттық органды құрудың мақсаты – экономика салаларының еңбек ресурстарына дайындығы мен қажеттіліктерін ескере отырып, білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз ету, тұтастай алғанда Ұлттық біліктілік жүйесін тиімді дамыту болып табылады», – деді КБҰО басшысы Ерасыл Жұманбаев.
Ол сондай-ақ, КБҰО қалыптастыру Ұлттық біліктілік жүйесінің (бұдан әрі – ҰБЖ) институттары мен бірыңғай білім базасын қалыптастыруды, кәсіптік біліктілікті тану саласында табысты халықаралық тәжірибені енгізуді көздейтінін атап өтті.
Бүгінгі таңда еңбек нарығы жаһандық тенденциялардың, технологиялық прогресстің, экономиканы цифрландырудың әсерінен өзгеруде, нәтижесінде жұмыс берушілердің талаптары мен қызметкерлердің, әсіресе білім беру ұйымдары түлектерінің біліктілігі арасындағы алшақтық туындауда. Осыған байланысты қазақстандықтардың кәсіби білімін, дағдысы мен құзыретін үнемі жаңартып отыру қажеттілігі туындап отыр.
Республикада ҰБЖ құрылуы бірнеше сұрақтарға жауап береді, олардың екеуі негізгі болып табылады.
Бірінші: «Олар нені білуі және не істей алуы керек?» Осы мақсатта салалық біліктілік шеңберлері мен кәсіптік стандарттар әзірленіп, жаңартылуда.
Екінші сұрақ: «Нені және қалай оқыту керек?» Оған білім беру ұйымдарының оқу бағдарламалары жауап береді.
Осылайша, ҰБЖ елде біліктілікті танудың бірыңғай форматын қалыптастыруға, формалды және формалды емес оқыту шеңберінде, сондай-ақ жұмыс орнында оқытудың ашық жүйесін танып қол жеткізеді.
Бұл процесс білім сапасы мен сұранысын арттыруға, азаматтардың білімі мен дағдысын бағалаудың тәуелсіз және объективті жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Оқу орындарының түлектері және бос жұмыс орындарына үміткерлер олардың құзыреттілігін ресми тануға, кәсіби өсуіне және ұтқырлығына, жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге мүдделі. ҰБЖ бұл қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін қолайлы жағдай жасайды.