Мәжіліс бизнес жүргізу мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеушілік саясаттың негізгі тәсілдерін ұсынды.
«Таза парақтан» реформасы екі бағыт бойынша іске асырылатын болады:
Мемлекеттік бақылаудың жаңа жүйесін енгізу
-Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін реформалау шеңберіңде бизнесті жазалаудан құқық бұзушылықтың алдын алуға көшу көзделген. Заңды іске асыру мақсатында 326 түзетуді қамтитын заң жобасы әзірленді, - деді ҰЭМ басшысы.
Түзетулер бақылау мен қадағалау нысандарын ретке келтіруге, қадағалау салаларындағы жедел ден қою шараларын тек заңнамалық деңгейде регламенттеуге бағытталған. Мысалы, жедел ден қою шаралары ретінде қызметті тоқтата тұру, қауіпті өнімді алып қою және т.б. қолданылуы мүмкін.
Жедел ден қою шаралары келесі 10 салада да қолданылатын болады:
халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы;
өсімдіктер карантині;
сәулет, құрылыс;
сауда мақсатында теңізде жүзу;
ішкі су көлігі;
жануарлар дүниесін қорғау және пайдалану;
өнеркәсіптік қауіпсіздік;
орман қорын күзету, пайдалану және орман өсіру саласы;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;
атом энергиясын пайдалану.
-Жедел ден қою шараларын қабылдау мемлекеттік органдарға құқық бұзушыларға заң жүзінде ден қоюға және бизнес субъектісінің кінәсінен туындаған халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қоғамдық қауіпті қолайсыз оқиғалардың (авариялар, уланулар, өрттер, өндірістік жарақаттар, оқиғалар, апаттар, инциденттер және т.б.) басталуын болдырмауға мүмкіндік береді, - деді министр.
Қазіргі уақытта мемлекеттік бақылау 90-нан астам кәсіпкерлік қызмет саласында жүзеге асырылады. Ә.Қуантыровтың сөзінше, өз ерекшелігі бойынша бақылау және қадағалау органы тарапынан жедел ден қоюды талап ететін бірқатар салалар бар.
балық шаруашылығы су айдындарында жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын сақтау;
сауда базарларында ветеринариялық-санитариялық бақылауды және карантиндік-фитосанитариялық бақылауды жүзеге асыру;
балалар үшін тыйым салынған ақпарат қамтылатын ақпараттық өнімді 18 жасқа толмаған адамдарға тарату, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде болу тәртібі;
азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымы;
есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы;
кемелерді қауіпсіз пайдалану жөніндегі талаптарды орындау;
мемлекеттік статистика.
Мемлекеттік органдарға қатысты бақылауға келетін болсақ, жаңа реформа шеңберінде ол Кәсіпкерлік кодексінің қолданысынан шығарылды. 10 бақылау саласында мемлекеттік органдарды тексеру тәртібін регламенттеу ұсынылады:
мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы;
әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жататын нормативтік құқықтық актілерді жариялау, мемлекеттік тіркеу және күшін жою мәселелерін реттейтін заңнаманың сақталуы саласында;
тілдерді дамыту;
білім беру жүйесі;
азаматтық қорғаныс;
ақпараттық қауіпсіздік;
электрондық құжатты және электрондық цифрлық қолтаңбаны бақылаудың сақталуы;
архивтерді қалыптастыруды бақылаудың сақталуы;
кәсіпкерлік субъектілерінің қорғалуы;
мемлекеттік қызмет.
Бұл тексеру жүргізген кезде бұзушылықтарға жол бермеуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, заң деңгейінде келесі салаларда тергеу жүргізу ұсынылады:
халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы;
атом энергиясын пайдалану;
өсімдіктерді қорғау;
электр энергетикасы саласында тергеп-тексеру жүргізуді регламенттеу көзделеді.
Бизнес үшін өзекті емес талаптарды қысқарту арқылы әкімшілік жүктемені азайту
Бизнеске қойылатын 10 мың артық талаптардың 9 мыңы заңға тәуелді актілерден алынып тасталды. Қалған талаптар (шамамен 1 мың) осы бизнес жүргізу жөніндегі заң жобасына енгізілген Түзетулердің бірыңғай пулы шеңберінде алып тасталатын болады.
Бірыңғай пул кәсіпкерлік қызметті жетілдіруге бағытталған 51 заңнамалық актіге (9 Кодекс, 42 Заң) 386 түзетуді қамтиды және:
өзекті емес, ескірген және артық талаптарды алып тастауды;
жаңа реттеушілік саясаттың қағидаттарына сәйкес келмейтін, артық әкімшілік кедергілер мен талаптарды алып тастауды;
артық рұқсат ету рәсімдерін алып тастауды;
рұқсат беру құжаттары мен рұқсат беру рәсімдерін оңайлатуды көздейді.
-Кәсіпкерлік қызметті реттеудегі жаңа тәсілдерді іске асыру бизнеске түсетін жүктемені түбегейлі жеңілдетуге және жаңа экономикалық шындық жағдайында іскерлік белсенділікті серпінді дамытуға мүмкіндік береді, - деді министр.
Кәсіпкерлік қызметті жетілдіруге бағытталған кейбір түзетулер (мысалдар):
ҚОҒАМДЫҚ ТАМАҚТАНУ – қоғамдық тамақтану объектілерін мамандандыруды СЭС органдарымен келісу алып тасталады (мейрамхана, дәмхана, бар, асхана). Артық келісу рәсімі.
КӨЛІК – «D1» кіші санаты бойынша жүргізушілердің жасын және жұмыс өтілін төмендету (25 жастан 23 жасқа дейін, жүргізушінің еңбек өтілі 5 жылдан 3 жылға дейін). Автопарктердегі кадрлық тапшылыққа байланысты.
ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК ОПЕРАЦИЯЛАРЫ – мәлімет ақпараттық жүйелерде болғандықтан, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу кезінде заңды тұлғалардың қосымша құрылтай құжаттарын ұсыну міндеті алып тасталады.
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДА ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ – мәлімделген жұмыс түрлеріне, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестатын алып тастау. Өйткені мұндай жұмыстар жүргізу құқығына аттестатты уәкілетті орган береді, ол өзі осы талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізеді. Мүдделер қақтығысы;
САУДА ҚЫЗМЕТІ – қоғамдық тамақтану объектілерінің санаттарын (мейрамхана, кафе, бар, асхана) сауда субъектілері СЭС келісімінсіз дербес айқындайды. Қоғамдық тамақтандыру объектілері қызметінің қауіпсіздігі бойынша барлық қажетті талаптар санитарлық ережелері және нормалар, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі ережелерінде көзделген.