Құрылысы ұзаққа созылған алты жол бойынша жұмыстар 2024 жылы аяқталады
Көлік министрі Марат Қарабев ҚР Үкіметінің отырысында автожол саласын дамыту бойынша баяндама жасады.
Министрдің сөзінше, жол инфрақұрылымын дамыту – ел экономикасының өсуінің алғышарттарының бірі. Биыл Қазақстан бойынша барлығы 10 700 шақырым жол құрылыс-монтаждау жұмыстарымен қамтылған, оның ішінде 6 500 шақырым жол – республикалық маңыздағы, 4 200 шақырым – жергілікті маңыздағы жолдар. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде нормативтік жай-күйдегі жолдардың үлесі республикалық желіде 92%-ға, жергілікті желіде 87%-ға дейін жететін болады.
Қазіргі таңда республикалық жолдардың 3 600 шақырымында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оның 856 шақырымы толық аяқталды. 2 900 шақырым жол күрделі және орташа жөндеумен қамтылып, 1 100 шақырымы пайдалануға берілді.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың сөзінше, биыл 16 ірі жоба іске асып жатыр, оның үшеуінде жұмыстар толығымен аяқталды, атап айтқанда, Үлкен Алматы айналма жолы, Қандыағаш – Мақат және Үшарал – Достық жолдары.
«Биыл халықтың шағымдарын ескере отырып, барлық күш 4-5 жыл бұрын басталып, құрылысы ұзаққа созылған 6 негізгі жобаны жүзеге асыруға бағытталды. Бұл – Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Алматы, Мерке – Бурылбайтал, Ақтөбе – Қандыағаш және Атырау – Астрахан жолдары», — деді Әлихан Смайылов.
Ерекше назар Батыс Қазақстан облысындағы күрделі жөндеу жұмыстарына аударылып жатыр. Өңірде жалпы ұзындығы 245 шақырым болатын Казталовка – Жәнібек және Өнеге – Бисен – Сайқын жолдары жөнделуде, оның 220 шақырымында қозғалыс қамтамасыз етілген, 2024 жылы жобаларды толық аяқтау жоспарланып отыр.
Қазір құрылыс маусымы аяқталуына байланысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының барлық күші жолдарды қыс мезгіліне дайындауға бағытталған. Жолдарды қыста күтіп ұстау үшін 142 мың текше метр құм және 25 мың тонна техникалық тұз әзірленді. Ұлттық оператор қысқы техниканың 1 мың 870 бірлігін жұмылдырды.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың мәлімдеуінше, соңғы жылдары құрылыс жұмыстары көлемінің артуына байланысты 4 жолақты жолдардың үлесі көбеюде, бұл өз кезегінде жол-пайдалану техникасының санын арттыруды талап етеді. Осы қажеттілікті шешу үшін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы биыл қосымша 379 техника сатып алуда, оның ішінде 245 техника Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы, 25 техника жол жүру ақысы және 109 техника амортизациялық аударымдар есебінен алынатын болады. Дегенмен де әлі 1 100-ден астам техника жетіспейді, сондықтан Өнеркәсіпті дамыту қорынан жеңілдетілген несие алу арқылы техникаларды толықтыру жұмыстары жалғасатын болады.
«Жыл сайын еліміздегі жолдарды күтіп ұстауға 60 млрд теңге көлемінде қаржы қажет етіледі. Осы орайда республикалық бюджетке түсетін салмақты азайту мақсатында ақылы жолдардың көлемін кезең-кезеңімен енгізудеміз», — деді М. Қарабаев.
Қазіргі таңда 3 200 шақырымда ақылы жүйе енгізілген. 11 айдың қорытындысы бойынша 26,5 млн теңге қаражат түсті. Келесі жылы қосымша 1 200 шақырымға ақылы жүйе енгізу жоспарланып отыр. Жалпы 2029 жылға дейін реконструкциялау жұмыстарының аяқталуына қарай мұндай жолдардың көлемі 11 мың шақырымға жеткізілетін болады. Бұл ретте Қазақстандағы ақылы жолдар тарифтері жақын және алыс шет елдермен салыстырғанда, ең төмен.
«Соңғы уақытта транзиттік ағынның өсуіне байланысты жөнделген жолдарды нормативтік жай-күйде сақтау үшін жол ақысын қайта қарау бойынша жоспарлы жұмыстар жүріп жатыр. Ақылы жүйе, бірінші кезекте, транзиттік көлік құралдарынан қаражат жинауға бағытталғанын ескере отырып, отандық тасымалдаушылар үшін ай сайынғы және жылдық абоненттік төлем көзделген», — деді Марат Қарабаев.
Көлік министрінің айтуынша, бүгінде жолдардың сапасы бойынша көп сындар айтылуда. Олардың басым бөлігі жергілікті желіге қатысты. Биыл 4 200 шақырым жергілікті жолдар жөндеумен қамтылған, оның 3 600 шақырымы жыл соңына дейін аяқталатын болады. Жалпы бұл жұмыстарға бюджеттен 384 млрд теңге көзделген, оның тек 81 млрд теңгесі ғана немесе 21 %-ы жергілікті бюджеттен бөлінген.
Бұл ретте кейбір аймақтар, оның ішінде жолдардың жай-күйі ең төмен өңірлерде жергілікті бюджеттен мүлдем қаражат қаралмаған. Атап айтсақ, олар – Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстары. Осы орайда тиісті әкімдіктер жолдардың нормативтік жай-күйін көтеру үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыруды қарастыруы қажет.
Әрі қарай көлік министрі жергілікті желідегі сараптамаға қатысты айтып өтті. Бөлінген қаражатты тиімді пайдалану мақсатында «Ұлттық сапа орталығымен» жасалған жұмыстарды қадағалау аса маңызды. Дегенмен де, биыл сапа сараптамасымен жергілікті желінің 85%-ы ғана қамтылды. Сараптама жүргізудің төмен деңгейі Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында орын алуда.
Сонымен қатар нысандарға айына ең кемі 4 рет тексеру қажеттігі бола тұра, кейбір өңірлерде жыл бойы бір-ақ рет тексеру жүргізілген жағдайлар тіркелген. Ол Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында орын алып отыр.
Бүгінде Сапа орталығы құрылыс материалдарының 27 мың сынамасын алды. 2 900 құрылыс материалында сәйкессіздіктер анықталып, оларды түзету бойынша тиісті шаралар қабылданды. Мердігерлер өз қаражаты есебінен 2 млрд теңге сомасына жұмыстарды қайта жүргізді. Осы орайда сапа сараптамасымен толық қамту мақсатында әкімдіктер құрылыс маусымы барысында тиісті шарттар жасасуы қажет.
Сондай-ақ нысанды қабылдау кезінде құрылыс-монтаждау жұмыстары процесінде анықталған ақауларды жою бойынша Сапа орталығының қорытындысын басшылыққа алу керек.
«Жол құрылысы жұмыстарының қарқыны келесі жылы да сақталатын болады. 2024 жылы 9 500 шақырым жол бойынша түрлі жұмыстар атқару жоспарланған, оның ішінде республикалық желіде 5 300 шақырым және жергілікті желіде 4 200 шақырымда тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша нормативтік жай-күйдегі жолдардың үлесін республикалық желіде 93%-ға және жергілікті желіде 91%-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз», — деді көлік министрі Марат Қарабаев.
Министрдің айтуынша, Көлік министрлігінің алдында басым жобаларды іске асыру бойынша үлкен міндеттер тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2029 жылға дейін 8 мың шақырым жолда реконструкция жұмыстарын жүргізу қажет.
«Жоғарыда аталғандай, келесі жылы негізгі ірі жобалар аяқталып, құрылыс компанияларының техникалары мен жұмыс күші босайтын болады. Сондықтан 2024 жылдан бастап жалпы ұзындығы 4 мың 700 шақырым болатын басым жобалардың құрылысын кезең-кезеңімен бастайтын боламыз», — деді Марат Қарабаев.
Министрдің сөзінше, бұл мәселені шешу үшін сыртқы және ішкі көздерден қаржы тарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда «Сарыағаш қаласының айналма жолы» мен «Қарағанды – Жезқазған» жобалары бойынша Азия және Дүниежүзілік даму банктерінен қаражат тарту көзі айқындалды. Қалған жобаларды іске асыру үшін дайындық жұмыстары басталып, қаржыландыру тетіктері анықталуда.
Ірі жобалардың басталуы жол-құрылыс материалдарының өндірісін ұлғайтуды, сондай-ақ құрылыс техникалары мен қосымша инженерлік қызметкерлерді қажет етеді. Сондықтан жол битумының тапшылығын болдырмау үшін цемент-бетон жолдарға көшу және битумды импорттау бойынша шаралар қабылдануда. Инертті материалдардың жаңа карьерлері зерттеліп, темір-бетон бұйымдарының өндірісін арттыру көзделіп отыр. Келісімшарттарда мердігерлердің жеке жол-құрылыс техникасы паркінің болуы бойынша нақты талаптар қойылды. Мамандарды даярлауға келетін болсақ, бұл бағытта кәсіби сертификаттауды енгізу қолға алынды.
Жаңа жобаларды іске асыру кезіндегі маңызды мәселелердің бірі – жер ресурстарымен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда жобаларды жермен қамтамасыз ету барысында бірқатар қиыншылық туындауда. Әсіресе, жеке меншіктен жерді қайтару рәсімдері 1 жылдан 3 жылға дейін созылуда. Сондықтан әкімдіктер қазірден бастап жаңа жобаларға керекті жерлерді резервке қойып, оларды жеке меншікке беруге тыйым салуы қажет.
Сонымен қатар қолданыстағы механизм бойынша карьерлерді рәсімдеу мерзімі 1 жылға дейін созылып, жобаларды уақытылы іске асыруға кері әсерін тигізуде. Осы орайда карьерлерді рәсімдеу міндеттерін жобалау институттарына жүктеу пысықталуда.
Әрі қарай көлік министрі Марат Қарабаев жол саласын реформалауға қатысты айтып өтті.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазіргі кезде автожол саласын реформалау бойынша бірқатар жұмыс жүріп жатыр.
Бірінші. Осы жылдың соңына дейін барлық автожол жобасына FIDIC халықаралық қағидаттарын енгізіп, тиісті ережелер бекітілетін болады.
Екінші. 2024 жылдан бастап жаңа жобалар EPCM-келісімшарттар бойынша жүзеге асырылады. Онда мердігер жол учаскесін өзі жобалап, оны салып және күтіп ұстайтын болады.
Үшінші. Қазіргі уақытта халықаралық стандарттарға сай келетін қажетті нормативтік база әзірленуде.
Төртінші. Ғылымды дамыта отырып, жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда.
Бесінші. Құрылыс процесіне қатысушылардың сапасы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған бірқатар заңнамалық түзету енгізу қарастырылуда.
Ғылым және жаңа технологияларға тоқталатын болсақ, қазір «Қазақ жол қозғалысы ғылыми-зерттеу институтымен» автожол саласында жаңа технологияларды енгізу бойынша тиісті зерттеулер жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 75 жаңа технология мен материалдар зерттелді. Соның 29-ы сынақтан өткізіліп, жобалық-сметалық құжаттамаларда қолданылуда, 9-ы – сынақтан өту сатысында, 37-сіне зертханалық сынақтар жүргізілуде. Аталған технологиямен материалдарды апробациялау аясында институт мамандарының қадағалауымен 207 тәжірибелік учаске салынды.
Сонымен қатар жол құрылысында қолдануға арналған 19 жаңа патент алынды. Саланы реформалау аясында алты заңнамалық актіге 39 түзету енгізіліп жатыр. Аталған түзетулер сапа сараптамасы үшін бірыңғай келісімшартқа отыруға, жобаларды толығымен іске асыруға, сапаны бақылауды цифрландыруға, жол-құрылыс материалдарының базасын құруға және мамандардың деңгейін арттыруға бағытталған.
«Қазіргі таңда аталған бастамалар – Парламент Мәжілісінің қарауында. Жалпы автожол инфрақұрылымы саласын дамыту мәселесі – Көлік министрлігінің тұрақты бақылауында», — деді ведомство басшысы Марат Қарабаев.