Қазақстандық мал өсірушілер халықаралық тәжірибені енгізу арқылы делдалдық схемаларды қысқартуға мүдделі
Аустралияға сапар барысында вице-премьер Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық фермерлер мен өңір басшылары бесінші континенттің ірі және заманауи мал биржаларының біріне барды.
Мал шаруашылығының өркениетті саудасы – саланың табысты дамуының негізі. Барлық нарық қатысушыларына тең шарттарда дискриминациясыз қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Нарықтың әрбір қатысушысы, сатушы мен сатып алушы өзіне керегін алады. Іздеу, тасымалдау және қауіпсіздік мәселелеріне кететін уақытын үнемдейді. Мал биржасы малдың әр түріне бағаның нақты көрсеткішін қалыптастырады, мемлекетке саладан түсетін кірісті болжау үшін нарықтық қозғалыстар мен тенденцияларды түсінуге, банктер тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуге, ал фермерлерге кез келген уақытта және кез келген климаттық өзгерістер жағдайында, мысалы құрғақшылық кезінде малды сою қажетінсіз сатуға мүмкіндік береді.
RLX (Regional Livestock Exchange) мал базарының жалпы ауданы 4 гектарды құрайды, оның 1,5 гектары жабық базар. Бір уақытта мұнда 8 мың басқа дейін мал сыяды. Әр сейсенбі және екінші бейсенбі сайын сауда өтеді. Мұнда жыл сайын 140 мыңға жуық ірі қара мал сатылады. Сатуға әкелінген барлық мал басы электронды биркалар арқылы сәйкестендіріліп, бақыланады. Ірі қара мал аукционға бір күн қалғанда әкелініп, таза салмағын сақтау үшін кешкі сағат 21.00-ден бастап азық берілмейді. Ал сатылған соң мал жаңа иесіне немесе союға тасымалданады. Сауда күніндегі сату көлемі 99,5% құрайды, яғни сатылмаған ірі қара мал қалмайды дерлік.
Мұнда қауіпсіздік мәселесі ерекше назарда. Мал базарының құрылымы сауда-саттықтың барлық кезеңінде малдың бірқалыпты қозғалысын қамтамасыз етеді. Шатыр аптап ыстықтан сақтайды, таза су тұрақты түрде беріледі, ал металл баспалдақтардың жұмсақ қаптамасы малды түсіріп, көтеру кезінде тұяқтарының зақымдалуынан сақтайды. Бұдан бөлек, барлық қалдық және сарқынды су жиналып, қайта өңделеді.
Кездесуге келген MLA (Meat and Livestock Australia) өкілдерінің айтуынша, Аустралияда көптеген жеке және муниципалдық мал биржалары бар. Муниципалдықтар 150 жылдан бері келе жатса, жеке меншіктегілер бар болғаны 15 жыл бұрын жұмысын бастаған. Жүйе жұмысы мынадай: әр сатылған малдан MLA-ға салық түрінде 5 аустралиялық доллар түседі, бұл төлемдер заңмен белгіленген. Ал MLA өз тарапынан жануарларды сәйкестендіру және қадағалау үшін бірыңғай электронды жүйенің жұмысын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жергілікті фермерлердің экспорттық өнімдерін зерттеу, маркетинг және жарнамалау жұмыстарын жүргізеді.
«Елімізде мал шаруашылығын бақылайтын жақсы жүйелердің болғаны біз үшін өте маңызды. Біз өнімнің биоқауіпсіздігіне, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, жануарларды жақсылап күтіп-баптауға басымдық береміз», — деді MLA өкілі.
Thompson Longhorn (RLX жобасын жасаған компания) бас директоры Байрон Вулфтің айтуынша, бұл Оңтүстік Аустралиядағы ең ірі мал биржасы, аптасына бұл алаңда 2 мың бас мал сатылады.
«Бүгін бейсенбі, қызу сауда жүріп жатыр. Біз сатылымға ұсынылған малдың түр-түрін көріп отырмыз. Бір бас мал бағасы 750-800 аустралиялық доллар аралығында. Мұндай базарлар мал шаруашылығы үшін өте маңызды, біз трейдерлер мен өндірушілерге ең жақсы бағаға сауда-саттық жасауына көмектесеміз», — деп атап өтті ол.
ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі А. Бердалиннің сөзінше, Қазақстанда мал шаруашылығындағы делдалдық схемаларды қысқарту мәселесін шешу қажет.
«Қазақстанда мұндай мал биржалары жоқ, делдалдар шаруалардан малды сатып алып, сосын базарға шығарады. Аустралияда біз мал шаруашылығының мүлде басқа мәдениетін көрдік, оның үстіне ет өндірудің құны бірнеше есе төмен. Отандық мал шаруашылығын дамытудағы басты мәселелердің бірі – көптеген делдалдық схемалардың болуы, салдарынан мал өсіруші қалаған бағасын ала алмай отыр. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінде мал шаруашылығын дамытудың жоспарын жасап жатырмыз, бұл тәжірибе бізге пайдалы болады», — деп мәлімдеді Аманғали Бердалин.
Аустралиялық мал өсірушілердің тәжірибесін қазақстандық өндірушілер де енгізуге ниетті.
«Аустралиялықтар да қазақтар сияқты ғасырлар бойы мал шаруашылығымен айналысқанымен, десе де, олар бізден көш ілгері кеткен. Біз Қазақстанда да осындай мал базарларын ашуды жоспарлап отырмыз. Сауда-саттықты бақылай отырып, жүйенің сатып алушылар үшін де, сатушылар үшін де өте қарапайым екенін түсіндім. Мысалы сатушы 100 бас әкеледі, базар иелерінің өзі бәрін қабылдап, таразыға салып, сатып алған соң жеткізіп те береді. Жалпы Аустралияда ауыл шаруашылығы – континенттің маңызды экономикалық салаларының бірі болып саналады. Біздің үйренеріміз көп, бұл үшін Қазақстанның барлық әлеуеті бар. Біз қазір де Өзбекстан, БАӘ, Қытай нарығына ет экспорттаймыз. Экспорт көлемін арттыру жоспарымызда бар», — деді «Қайып ата» ЖШС құрылтайшысы Сырым Ертаев.