ҚР ИИДМ: Қазақстанға EITI-дің мүшелігінен шығу қаупі туындап тұрған жоқ
Мемлекет басшысының бастамасымен 2005 жылы Қазақстан өндіруші салалар қызметінің ашықтығы әлемдік бастамасына (Extractive Industries Transparency Initiative – EITI немесе ӨСАБ) қосылған болатын.
Аталған жаһандық жоба халықаралық саяси мәртебеге ие және өндіруші сектордағы компаниялардың, сондай-ақ Үкіметтің кірісінің ашықтығын қамтамасыз ету мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған. Сондықтан Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушыларына EITI-дің өзара түсіністік жөніндегі меморандумның шарттарын сақтау және халықаралық стандарттар бойынша аудитпен расталған салықтар мен республикалық бюджетке төленетін басқа да төлемдердің есебін ұсыну міндеттемесі заңнамалық деңгейде бекітілген.
Өндіруші салалар қызметінің ашықтығы әлемдік бастамасының жұмысын үйлестіру үшін елімізде мүдделі тараптардың ұлттық кеңесінің қызметі жолға қойылған. Оның құрамына салалық министрліктердің, мұнай өндіру және тау-кен кәсіпорындары қауымдастықтарының, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен Парламент Мәжілісінің депутаттары кіреді.
Осы бастаманың талаптарына сәйкес мүшелікке кіретін елдер EITI-ді (ӨСАБ) іске асыру жөніндегі ұлттық есепті тұрақты түрде жариялау тиіс. Ал мүдделі тараптардың ұлттық кеңесі оның дайындалу процесін қадағалауға міндетті.
Бұл ретте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі COVID-19 пандемиясы мен былтыр елімізде орын алған қаңтар оқиғасына байланысты аталған есепті дайындау мерзімін кейінге ауыстыруды ұйғарған.
Сонымен қоса министрлік Қазақстанның EITI (ӨСАБ) қағидаларын берік ұстанатынын және бұл бастаманы енгізуді қолға алғанын хабарлады.
2022 жылдың 29 маусымында мүдделі тараптардың ұлттық кеңесінің отырысы өткізіліп, оның нәтижесінде қажетті деректер жылдар бойынша бөлініп, 2020-2021 жылдардың қорытындыларына сәйкес бірыңғай есепті жариялау туралы шешім қабылданды. Сонымен бірге есепті әзірлеу жөніндегі қызмет бойынша техникалық тапсырма бекітілді.
Жоғарыда айтылған іс-шаралар өткізілген соң ғана ҚР ИИДМ-де есепті дайындауға байланысты тәуелсіз әкімшіні таңдау бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүзеге асырыла бастағанын айта кеткен орынды. Осы және үлкен көлемдегі мәліметті мұқият зерттеу аталған құжатты дайындауда қосымша уақытты алған. Қазір бұл есеп тиісті талапқа сәйкес мүдделі тараптардың ұлттық кеңесі мүшелерінің келісімін алу үшін азаматтық қоғам өкілдерінің қайта қарауында жатыр.
Таяу арада барлық тараптың келісімімен бекітілген есеп жарияланады деп жоспарланған. Осыдан кейін EITI-дің (ӨСАБ) стандартына сәйкес елімізді аталған бастаманың мүшелігінен шығару бойынша шешім алынып тасталуы қажет.