Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Күнбағысқа экспорттық баж салығы: шикізат па әлде қайта өңделген өнім бе?

22-02-2024, 09:00 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин күнбағыс тұқымын өндіру және өткізу нарығындағы жағдай мен экспорттық баж салығының әсерін талқылау бойынша кеңес өткізді. Жиынға күнбағыс өндірушілері мен өңдеушілері, сарапшылар, салалық қауымдастықтар, трейдерлер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркебұлан Мәмбетов, «Атамекен» ҰКП мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. 

Анықтама: Көршілес мемлекеттердің, оның ішінде күнбағыс тұқымы мен майын ірі өндірушілердің саясаты жергілікті шикізатты өндіруді ынталандыруға және қайта өңдеуді дамытуға бағытталған. Украинада күнбағыс экспортын лицензиялау белгiленген, Еуропа бағытына күнбағысты экспорттау бағасының 1,8% мөлшерiнде экспорттық баж салығы қолданылады, өңдеушi өнеркәсiп кең дамыған. Ресейде күнбағыс экспортына 50%, бірақ тоннасына 32 мың рубльден кем емес бекітілген экспорттық баж салығының мерзімі 2024 жылдың 31 тамызына дейін ұзартылды. Беларусьте күнбағыс экспортын лицензиялау енгізілді. Қырғызстанда өсімдік майын өндіру үшін ғана әкелінетін күнбағыс тұқымдарына ҚҚС нөлдік мөлшерлеме бектілген. Өзбекстанда күнбағыс пен күнбағыс майына нөлдік баж салығы бар. Қытайда күнбағыс тұқымының әкелуге салық салынбайды, бірақ дайын май импортына 9% және 9% ҚҚС импорттық баж салығы салынады.  

Қазақстанда 2023 жылдың 1 ақпанынан бастап күнбағыс тұқымын әкетуге жүк құнының 20% мөлшерінде, бірақ тоннасына 100 евродан кем емес мөлшерде экспорттық баж салығы қолданылады. Ішкі нарыққа, яғни отандық май зауыттарына қайта өңдеуге тапсырғаны үшін өндірушілер күнбағыстың тоннасына 22 мың теңгеге дейін субсидия алады. Осыған қарамастан, шикізат түріндегі күнбағыс экспортының көлемі өсуде. Егер 2020-2021 маркетингтік жылы Қазақстаннан күнбағыстың экспорты 247 мың тоннаны құраса, 2021-2022 жылдары – 226 мың тонна, ал 2022-2023 жылдары – 317 мың тонна болды. 2023-2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында 66 мың тонна шығарылды. Ел бюджетіне экспорттық баж салығынан түскен түсім 9,6 млрд теңгені құрады. 

Кеңестегі басты тақырып – өңдеуші кәсіпорындар мен трейдерлік компаниялардың күнбағысты сатып алу бағасы болды. Өндірушілер мен трейдерлердің пікірінше, экспорттық баждың қолданыстағы мөлшерін ескере отырып, ішкі нарықтағы бағалар өзіндік құннан төмен және тиімсіз. Салдарынан шаруалар күнбағыс тұқымының мол қорымен қалды. Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының мәліметінше, бүгінде күнбағыс тұқымдарының қалдықтары 590-600 мың тоннаны құрайды. Бұл көлем ай сайын 105-110 мың тонна жүктемемен, 200 мың тонна болжамды қуаттылықпен 5 ай бойы өңдеуге жетеді.

Анықтама: Ресми статистикаға сәйкес, 2023 жылдың ақпанынан 2024 жылдың ақпанына дейін күнбағыс майының бағасы дүкендерде 20,2%-ға төмендеді.  

Қазақстандағы ең ірі күнбағыс майын өндірушілердің бірі, «Бота-2015» ЖШС құрылтайшысы Арман Құдайбергенов май-тоң май саласының басты артықшылықтарының бірі – ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарға арналған арзан жоғары протеинді жемшөп күнжара өндірісі екенін атап өтті.

«Өсімдік сығындысы мен күнжара, майды қайта өңдеу кезіндегі қалдық  жоғары ақуызды өнім болғандықтан үй жануарлары мен құс фабрикаларына таптырмас азық. Бұл мал шаруашылығын, тауарлы сүт фермаларын, шошқа шаруашылығын, ет және жұмыртқа өндіру бойынша құс фабрикаларын қарқынды дамытудың негізі болып табылады. Қазақстанның өсімдік сығындысы мен күнжараға қажеттілігі жылына 440 мың тоннаны құрайды. Әсіресе, жергілікті күнбағыс сығындысына сұраныс жоғары. Біз бүгінде елдегі қажеттілікті толық өтейміз, тіпті экспортқа да жібереміз. Егер мемлекет тауарлы сүт фермаларын, мал шаруашылығы мен құс фабрикаларын дамытуға мүдделі болса, онда бұл жоғары протеинді өнімнің бағасы арзан әрі жеткілікті болуы тиіс», — деп мәлімдеді Арман Құдайбергенов.  

Өз кезегінде, Altyn Shyghys ірі май зауытының өкілі Азамат Темеков Қазақстанда зауыттардың жүктемесі 40%-дан аз екенін атап өтті.

«Жеткілікті шикізатсыз терең өңдеуді дамыту мүмкін емес. Біз тазарту және құрғақ лецитин өндіру желісіне 14 млрд теңгеден астам инвестиция салдық, оны 2025 жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл бізге құны жоғары тауарлар нарығына шығуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Азамат Темеков.

Егіншілер одағының төрағасы Виктор Асланов Ұлттық өңдеушілер қауымдастығы зауыттар арасындағы ішкі бәсекелестік мәселесін ескермеген деп есептейді. Депутат Еркебұлан Мәмбетов тауар өндірушілер мен өңдеушілердің мүдделерінің айырмашылығын түсінетінін айта келе, барлығына ымыраға келуді, ал өңдеушілерге шағын шаруаларға қолдау көрсетуді ұсынды.

«Қазақстан бүгінгі таңда баж салығының әрекетіне қарамастан күнбағыс тұқымын жеткізу көлемі бойынша Қытай мен Өзбекстанның импорттаушылары арасында бірінші орында тұр. Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан күнбағысты өңдейтін қуаттарды белсенді түрде салуда, оған жеткілікті шикізаты жоқ. Іс жүзінде бірде-бір ел өзінің күнбағысын бажсыз сатпайды. Себебі шикізат сатылатын нарықтар қайта өңделген өнім үшін жабылады. Ал мемлекет алдында АӨК секторындағы қайта өңдеу деңгейін 70% -ға дейін жеткізу міндеті тұр. Біз майлы дақылдар егісін ұлғайтатын боламыз: биыл әкімдіктер алдына майлы дақылдар егілетін алқаптарды 400 мың гектарға ұлғайту міндетін қойып отырмыз. Және ішкі нарықтағы мүдделер теңгерімі үшін күнбағыс тұқымын өндірушілерді қолдауға мүмкіндік табамыз», — деді Серік Жұманғарин. 

Отырыс қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне күнбағыс өндірушілерін экспорттық баж салығы есебінен бюджетке түсетін көлемде ішкі нарыққа тұқым жеткізу үшін субсидиялау мүмкіндігін зерделеуді тапсырды. Ал күнбағыс тұқымын өндірушілердің өкілдері күнбағыс тұқымының қорын сата алмай жүрген шаруалардың тізімін ұсынса, бұл мәселе әрқайсысымен жеке қарастырылатынын жеткізді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив