Сумен жабдықтау жыл соңына дейін ауыл халқының 97,8% - ы үшін қолжетімді болады — ҚР ӨҚМ
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алқасының отырысы барасында Мемлекет басшысының халықты 2025 жылдың соңына дейін ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы ерекше бақылауда екені айтылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік қалаларда ― 98,9% (2022 ж. ― 98,4%) және ауылдарда ― 96,6% (2021 ж. - 94,8%) құрады.
Барлығы 6256 қазақстандық ауылдың 5130-ы сумен қамтамасыз етілген. Қалған 1126 ауылды 2025 жылдың соңына дейін сумен қамтамасыз ету жоспарлануда, оның ішінде 317 ауылды ― орталықтандырылған сумен жабдықтау және 809 ― КБМ қондырғыларымен қамтамасыз ету. 89 қаланың 65-і 100% сумен қамтамасыз етілген. 2025 жылдың соңына дейін қалған 24 қаланы, оның ішінде ағымдағы жылы ― бес қаланы қамтамасыз ету жоспарланған.
Биыл республикалық бюджеттен сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту бойынша жобаларды іске асыруға 218 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа қала тұрғындарының 99,5% және ауыл тұрғындарының 97,8% сумен жабдықтау қызметтерімен қамту жоспарлануда.
Сондай-ақ, халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету мақсатында жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын азайту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен 2,8 мың км жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды және жаңғыртылды.
2023 жылы республикалық және жергілікті бюджеттер, инвестициялар және кәсіпорын иелерінің өз қаражаты есебінен жалпы сомасы 175,5 млрд теңгеге 336 шақырымға жуық жылумен жабдықтау желілері жөнделіп, салынды. Ағымдағы жылы 220 км жылумен жабдықтау желілерін жаңғыртуға 131,5 млрд теңге қарастырылған.