Сенаторлар геологиялық барлауды дамыту келешегін талқылады
Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Шығыс Қазақстан облысында көшпелі отырыс өткізді. Онда Қазақстандағы геологиялық барлау жұмыстарын дамыту мәселелері талқыланды.
Комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев көшпелі отырысты аша келіп, Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында геологиялық барлауды қарқынды дамыту қажеттігін атап өткенін еске салды. Комитет осы тақырыпта дөңгелек үстел өткізуді жоспарлаған болатын, сондықтан бұл көшпелі отырыс сол шараға дайындық кезеңінің бірі болып отыр.
Көшпелі отырыста геология комитетінің төрағасы Ерлан Акбаров, энергетика министрінің орынбасары Асхат Хасенов, облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов, сондай-ақ сарапшылар мен бизнес өкілдері геологиялық барлауды дамыту туралы баяндама жасады.
Депутаттар сонымен қатар «Қазмырыш» ЖШС-нің Өскемен металлургиялық кешенінде, Үлбі металлургиялық зауытында, «Үлбі-ТВС» ЖШС-інде, сондай-ақ Өскемен арматура зауытында болды.