Тамара Дүйсенова Атырау студенттерімен және оқытушыларымен кездесті
Атырау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова өңірдің бірқатар білім беру мекемелерінде болып, аймақтық әдістемелік орталық жұмысымен танысты.
Орталық балабақшаларды, мектептер мен колледждерді әдістемелік қолдауға, ұйымдар арасында тәжірибе алмасуды қамтамасыз етуге маманданған. Оның алаңында жиынға қатысушылар «Барлығына қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндама жобасы шеңберінде талаптардың орындалуын талқылады. Басты міндеттердің бірі – елімізде жеке тұлғаны дамытудың дәйекті және көп деңгейлі жүйесін құру.
Қазір өңірде 300-ден астам балабақша жұмыс істейді, онда дамудың бастапқы траекториясы қалыптасуда. Оларға 35 мыңға жуық бала қатысады. Ата-аналар үшін кеңес бері пункттері құрылып, балабақша тәрбиешілері мен бастауыш сынып мұғалімдері арасында тығыз қарым-қатынас орнату жұмыстары жүргізіліп келеді. Сонымен қатар биыл қосымша 7 мыңға жуық баланы мектепке дейінгі тәрбиемен қамту жоспарланып отыр.
Бүгінде Атырау облысында 56 білім беру округі құрылып, олардың әрқайсысында тірек мектептер анықталды. Үздіксіз әрі бірізді дамытуды көздейтін қадамдар аясында білім ошақтары мен колледж, жоғары оқу орындары арасында қарым-қатынасты нығайту қарастырылып отыр. Мәселен, Әбіш Кекілбаев атындағы №41 мектеп-гимназия Атырау гуманитарлық колледжі және Халел Досмұхамедов атындағы университет студенттері үшін тәжірибеден өтудің жаңаша жолын ұсынып отыр. Соңғы курста білім алып жүргендер бір жыл бойы өндірістік тәжірибеден өтіп, бір жағынан ұстаздық қабілетін шыңдайды, бір жағынан қолданыстағы оқу бағдарламасымен тікелей жұмыс істей алады дейді мамандар.
Вице-премьер Ұлттық баяндамада білім беру жүйесіндегі: оқытудан – жеке тұлғаны дамыту бағытындағы тәсілдерді өзгертуге баса мән берілетінін атап өтті.
«Білім беру сапасын арттыру үшін барынша күш-жігер жұмсау қажет. PISA-ның соңғы нәтижелері бойынша Атырау облысы осы бағытта жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Ендігі мақсат сол деңгейді ары қарай көтеру. Келешек дәрігерлерді, инженерлерді, түрлі сала мамандарын дайындайтын ұстаздар қауымы екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан Ұлттық баяндама аясында қойылған міндеттерді іске асыру үшін науқаншылдыққа салынбай, нақты шаралар жасалуы керек. Академиялық адалдық жұмыстың негізгі қағидаты болуға тиіс», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Жұмыс сапары аясында вице-премьер Сафи Өтебаев атындағы мұнай және газ университетінің жұмысымен танысты. Бүгінде мұнда 2,5 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Болашақ мұнайшылардың күрделі бұрғылау және барлау жұмыстарының дағдыларын практикалық игеру үшін заманауи тренажерлер қарастырылған. Тамара Дүйсеноваға оқытудың теориялық және практикалық процестерімен, сондай-ақ студенттердің сайыстар мен ғылыми жарыстардағы жетістіктері таныстырылды. Вице-премьер жастарды уақытты тиімді пайдаланып, сапалы білім алуға шақырды.
«Заман талабы білімді ұрпақты қажет етеді. Сіздер қаншалықты білікті болсаңыздар, еңбек нарығында соншалықты сұранысқа ие боласыздар. Қай сала болмасын білікті кадрларды қажет етеді. Сіздер барынша сапалы білім алып, еліміздің дамуына өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін», — деді Тамара Дүйсенова.
Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы Атырауда 2022 жылы ашылды, мұнда жалпы саны 87 студент білім алуда. Вице-премьер ЖОО студенттерімен және оқытушыларымен кездесу өткізді. Айта кетейік, бүгінде елімізде шетелдік университеттердің 12 филиалы жұмыс істейді.