СІМ-де қазақ-мажар стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайту жөніндегі қадамдар талқыланды
Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Мажарстанның Қазақстандағы Елшісі Отто Иван Ронамен кездесу өткізді.
Тараптар екі елдің тауар айналымын әртараптандыру және ұлғайту, білім беру саласындағы ынтымақтастықты, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында кадрларды бірлесіп даярлау, су ресурстарын басқару саласында тәжірибемен алмасу жөніндегі өзара іс-қимылдың жай-күйі мен даму перспективалары туралы пікір алмасты.
«Саяси диалогтың жоғары деңгейі – халықтары тарихи байланыстармен байланған Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынастардың айрықша белгісі», деп атап өтті Р. Василенко.
Өз кезегінде мажар дипломаты өткен жыл Қазақстан-Мажарстан байланыстарында маңызды оқиғаларға толы болғанын атап өтті. Олардың арасында екі елдің президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Каталин Новактың Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Дубайдағы COP28 алаңындағы кездесулері, Мажарстан Премьер-Министрі В. Орбанның Астанаға ресми сапары және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М. Нұртлеудің Будапештке сапары бар. «Аталған кездесулер мен ынтымақтастықтың жоғары қарқыны Мажарстанның бизнес-қоғамдастығы тарапынан Қазақстанға деген қызығушылықтың орасан өсуіне ықпал етті», – деді Елші.
Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мажарстан үкіметаралық комиссия (ҚР тарапынан тең төраға – Ұлттық экономика министрі Н. Байбазаров, Мажарстан тарапынан – Қаржы министрі М. Варга) сауда-экономикалық байланыстарды дамытуда маңызды рөл атқарады.
Кездесу барысында дипломаттар сапарлар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыру мәселелерін, сондай-ақ үстіміздегі жылы жоспарланған іс-шаралар кестесін талқылады.
Анықтама: 2023 жылы өзара сауда көлемі 9%-ға өсіп, 187,5 млн АҚШ долларын құрады. 2005 жылдан бастап 2023 жылғы 3-тоқсан аралығындағы кезеңде Мажарстаннан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 337,2 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстанда Мажарстанның қатысуымен 29 заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер («MOL» мұнай-газ компаниясы, «Gedeon Richter» фармацевтикалық компаниясы және т.б.) (24 шағын, 2 орта және 1 ірі) және 41 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.