Ұлттық палата төралқасының шешімімен индустриялық сертификатты алу қағидаларының жаңа редакциясы бекітілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» жолдауында отандық кәсіпкерлікті одан әрі қолдауды қамтамасыз ететін жүйені енгізуді тапсырды.
Осыған байланысты, Ұлттық палата салалық қауымдастықтар және кәсіпкерлік субъектілерімен бірлесіп, 2023 жылдан бастап отандық тауар, жұмыс және қызмет өндірушілердің тізілімін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ индустриялық сертификат беру қағидаларын жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жүргізді.
Анықтама:
Индустриялық сертификат – тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілер тізілімінде өтініш берушінің болуын растайтын құжат. Бұл тізілімді Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қалыптастырып, жүргізеді.
Мәселен, қағидалардың жаңа редакциясында отандық бизнес секторының кәсіпкерлік қызметін жүргізуге оң әсер ететін және индустриялық сертификат алу рәсімдерін едәуір жеңілдететін түзетулер қарастырылған.
Бірқатар түзету салалық критерийлерде өндірістік қуатты есептеу әдістемесін белгілеу арқылы индустриялық сертификат беру рәсімдерінің ашықтығын күшейтуге бағытталғанын атап өткен жөн. Жаңашылдық салалық сарапшылар және жалпы мүдделі тараптарға кәсіпорынның өндірістік қуатын ашық түрде есептеуге және өндіріс жағдайын талдау туралы қорытындыдағы мәліметтерді көрсетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, өндірістің жай-күйін сараптамалық бағалауды жүзеге асыратын салалық сарапшылар мен салалық қауымдастықтардың жауапкершілігін арттыру бөлігінде өзгерістер енгізілді. Салалық сарапшы қағидалар талаптарын тиісінше орындамағаны үшін 2 жыл мерзімге Салалық сарапшылар тізбесінен шығарылатын болады. Мысалы, мұндай бұзушылықтар өндірістік үй-жайларды көшпелі тексеруді жүзеге асырмай оң қорытынды беру секілді әрекеттер болуы мүмкін.
Салалық қауымдастықтарға келетін болсақ, мұндай ұйымның ұсынысы бойынша Салалық сарапшылар тізбесіне енгізілген салалық сарапшылардың бұзушылықтары анықталған жағдайда, олар Ұлттық палатадағы аккредиттеуден айырылуы мүмкін.
Сонымен қатар, жаңа қағидалар салалық қорытынды жасау кезінде салалық сарапшылардың әрекеттерін нақтылайды. Енді салалық сарапшының қорытындысы тауарла, жұмыс пен көрсетілетін қызметтердің барлық мәлімделген номенклатурасына, сондай-ақ мәлімделген тауар, жұмыс пен көрсетілетін қызметтердің бір бөлігіне берілуі мүмкін.
Тағы маңызды өзгерістің бірі жылына 1 (бір) реттен артық емес жүргізілетін инспекциялық қарап-тексеру рәсімінің механизмін жетілдіру. Бұрын инспекциялық тексерпу жылына кемінде 1 (бір) рет өткізілген. Бұл ретте тексеру жайында Ұлттық палата және кәсіпкерді міндетті түрде хабардар ету керек.
Қағидаларды жетілдіру бойынша барлық өзгеріс пен басқа да нақтылайтын ұсыныстар отандық бизнес-қоғамдастық пен салалық қауымдастықтардың бірлескен күш-жігерімен әзірленді.
Ұлттық палата осы бағытта атқарылған жұмысы мен отандық кәсіпкерліктің дамуына қосқан үлесі үшін бүкіл бизнес-қоғамдастыққа және салалық қауымдастықтарға ерекше алғыс білдіреді