Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері жастарды әскери кәсіптің артықшылықтарымен таныстырды
Іс-шаралар 30 мыңнан астам студент пен оқушыны, мерзімді қызметтегі және келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшіні қамтыды.
Ел өңірлерінде болған Әуе қорғанысы күштері ақпараттық-үгіт тобының өкілдері әскери білім алудың артықшылықтары мен мансаптық өсу перспективалары туралы әңгімеледі.
Мұндай кездесулердің қажеттілігін Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары полковник Талғат Сыздықов түсіндірді.
- Тікелей қарым-қатынас үміткерлер үшін де, біз үшін де өте пайдалы. Осылайша біз курсанттарды іріктеу сапасын арттыру мен еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында жоғары білікті мамандар дайындауға жұмыс істеп жатырмыз, - деді ол.
Кездесу барысында жастар әскери жоғары оқу орындарының тарихымен танысып, ондағы мамандықтар жайында, сондай-ақ әскери қызметшінің әлеуметтік пакеті, мансаптық өсу перспективалары туралы біле алды.
- Бала кезімнен техникамен айналысамын. Мені инженер мамандығы қызықтырады. Енді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына түсу мүмкіндігін қарастырып жатырмын. Түсу емтихандарына мұқият дайындаламын, - дейді Қарағанды облысы Саран қаласындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Аслан Балықов.
Дайындалған бейнероликтер мен буклеттер мақсатты аудиториямен жұмыс істеуге жақсы қосымша болып табылады. Олардан еліміздің жоғары әскери оқу орындарына түсу және онда оқу шарттары мен ережелері туралы пайдалы ақпарат алуға болады.