Олжас Бектенов: «Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту»
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов ТЖМ-нің Дағдарыстық жағдайларда басқару орталығында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің есебін тыңдады. Аумақтық ТЖД-лар бейнеконференцбайланыс режимінде қосылды.
ТЖМ деректері бойынша әкімдіктермен бірлесіп, 2,3 млн м3 астам ағын су шығарылып, 162 мыңнан астам құм толтырылған қапшық және 31 587 тонна инертті материал төселді. Апаттық-құтқару жұмыстарына 6 349 адам, 2 192 техника, 689 сорғы құралы және т.б. жұмылдырылды.
«Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны. Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту. Кейін жекелеген лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауының ықтимал фактілерін анықтау мақсатында егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетін болады. Мен бұл мәселені Бас Прокурормен талқыладым. Бүгінде барлық күш су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды. Менің бірінші орынбасарым Роман Васильевич Скляр ең қатты зардап шеккен өңірлерде жүр» , — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы сондай-ақ солтүстік өңірлерде де су басу қаупі бар екенін атап өтті. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы су тораптарының жағдайы тексерілген болатын.
ТЖМ басшылығына еліміздің барлық өңіріндегі жұмыстарға бақылауды күшейту тапсырылды.