Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
513 541.16 4.69

Олжас Бектенов ШҚО-дағы су тасқыны жағдайын тексеріп, ТЖ алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды

6-04-2024, 13:55 Мадина Айдарова

Қазақстан Премьер-Министрі, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов су басу қаупіне байланысты ТЖ алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқан Шығыс Қазақстан облысына барды. Үкімет басшысы облыстың Глубокое және Алтай аудандарының таулы аймақтарын тікұшақпен аралап, өзен алқаптарындағы су тасқыны қаупі бар учаскелердегі жағдаймен танысты, сондай-ақ өңір әкімінің су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы баяндамасын тыңдады.

Шығыс Қазақстан облысы аумағының басым бөлігінде жағдай тұрақты. Сондай-ақ қыстың соңында қар қалың жауған Марқакөл, Катонқарағай, Глубокое, Үлкен Нарын және Алтай аудандары – тәуекел аймағында. Өзендердегі су деңгейі әзірге қауіпті межеге жеткен жоқ – мұздың еруі енді басталды, ал таулы аймақтардағы су қоймаларында мұз қабатының жұқаруы байқалады. Алайда, болжам бойынша, облыста дауылды ескерту жарияланған, +19°C дейін күннің күрт жылынуы күтілуде – сәуір айының ортасына қарай аймақта су тасқыны қаупі жоғарылайды.

Олжас Бектеновке су тасқынының алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды. Инженерлік жұмыстардың жоспарына сәйкес, өткен жылы 27 учаскеде өзендер мен каналдардың арналары тазартылып, бөгеттер нығайтылды, су өткізу құрылыстары салынды. Қазіргі уақытта 96 қар көшкіні түсірілді, сондай-ақ өзендерде бөгелістердің алдын алу үшін профилактикалық мұзды жару жұмыстары ұйымдастырылды. Осы жылдың ақпан-наурыз айларында ғана облыста ұзындығы 135 км болатын 72 канал, 376 км 448 арық тазартылды, 447 көпір тексеріліп, автомагистральдарда 3 696 су өткізу құбыры және теміржолдарда 90 су өткізу құбыры қарғын суды өткізуге дайындалды, 370 мың текше метр қар шығарылды. Премьер-Министр жүргізілген іс-шаралардың көлеміне қарамастан, жұмыс қарқынын бәсеңдетуге болмайтынын атап өтті.

«Қазір еліміздің өңірлерінде, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында қалыптасқан жағдай бізден үздісіз бақылауды талап етеді. Облыс аумағының 70%-ын қалың қар басып жатыр, ал қар жамылғысындағы су қоры нормадан 2 есе артық. Бұл қауіптің әлі сейілмегенін көрсетеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, су тасқыны кезеңінде жағдайдың даму сценарийлерін қалыптастыру қажет. Қазір қолдағы болжамдарды ескере отырып, су тасқынының алдын алу шараларын күшейтуіміз керек. Үкімет тарапынан тиісті жұмыстарды жүргізуге барлық қажетті көмек көрсетілетін болады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бүгінгі таңда облыстағы 344 елді мекеннің 7-еуінде су тасқыны қаупі төніп тұр, онда 1000-нан астам адам тұрады. Жағдай ұдайы бақыланады: осы мақсаттар үшін ұшқышсыз аппараттар пайдаланылуда. Өңірдегі қалыптасқан жағдай және су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізу аясында жалғызбасты және қарт адамдардың аулаларын тазалау мақсатында «Көмек қолы» акциясы іске қосылды. Бастапқыда оған құтқару мекемелерінің қызметкерлері тартылды. Кейін қайырымдылық шарасына бизнес, жастар ұйымдары және еріктілер қосылды. Қол ұшын созған азаматтардың арқасында 400-ден астам аула қардан тазартылды.

Өңірде жоғары дайындық режимі, ТЖ жою жөніндегі облыстық жедел штаб жұмыс істейді. Жағдай ушығып кетсе, 1 118 адамнан тұратын күштік құрылымдар, 315 бірлік техника жасақталып, 6 мың тоннадан астам инертті материалдар, 468 тонна ЖЖМ, 43 мың бірлік қапшық дайындалды.

Премьер-Министр Өскемен және Бұқтырма ГЭС-ін де қарап шықты. Барлық гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істеуде. Бөгеттерде су деңгейі алдын-ала төмендетіледі. Өңірде Қазақстандағы ең ірі Бұқтырма су қоймасы орналасқан. Қазіргі уақытта ол тағы 20 текше км көлемінде өзен суын қабылдауға мүмкіндік береді. Болжалды мәліметтер бойынша, алдағы 3 айда 15 текше км-ге дейін су келеді деп күтілуде.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірдегі жағдайдың ушығуына жол бермеу үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив