Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Тана мырза атындағы жүлде үшін қазақ күресінен жарыс өтті

3-05-2024, 16:41 Мадина Айдарова

Өскелең ұрпақты барша жұрт мақтан тұтатын тарихи тұлғалардың тағылымы арқылы тәрбиелеу бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған маңызды міндеттердің бірі екені талай рет айтылып та, жазылып та жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеп, кешегілердің дара жолын үлгі ету, саламатты өмір салтын насихаттап, әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау, бұқаралық спортты дамыту жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашатынына сенім білдірген еді. Міне осы бағытта Ақсуат ауданында да айтулы шаралар жүзеге асырылып келеді.

Халқымыздың тілінің, салт-дәстүрлерінің қаймағы бұзылмай сақталған, тәуелсіздікпен бірге жасап, көркейген мыңдаған шағын елді мекендерінің бірі – Тана мырза ауылы. Осы ауылға есімі берілген Тана мырза Тілемісұлы - кезінде ел қамын ойлаған, қиыншылық замандарда бұқараға жол нұсқаған тұлғаларымыздың қатарынан орын алған. Ауылдағы білім мен мәдениеттің ордасы болып отырған орта мектеп те Тана мырзаның есімімен аталады.

Кеше, 30 сәуірде Тана мырза мектебінің спорт залында бұқаралық спорт түрінің біріне айналған қазақ күресінен Тана мырза Тілемісұлы атындағы жүлде үшін жастар арасында аудандық ашық турнир өткізілді. Турнирге Құмгөл, Жантікей ауылынан, Тарбағатай ауданының Қарасу ауылынан, Ақсуат, Би боранбай, Қарғыба, Көкжыра, Екпін, Ойшілік ауылдарындағы орта мектептерден және Тана мырза атындағы мектептен жиыны 105 оқушы қатысты. Олармен қоса күрес өнеріне жаны құштар оншақты ауыл азаматтары «Түйе балуан» атағы үшін шаршы кілемде белдесіп, күш сынасты.

Жарыстың ашылу салтанатында осы орта мектептің директоры Мұратбек Қапасұлы Қасенов, Ақсуат аудандық спорт бөлімінің басшысы Мирас Дәуренбекұлы, М.Имашев атындағы Ақсуат спорт мектебінің директоры Өміртай Ержанұлы Бексұлтанов, Ақсуат ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Ахметкәрім (Ақаш) Құрманғазин және басқалар құттықтау сөз сөйледі. М.Имашев атындағы Ақсуат спорт мектебінің директоры Өміртай Ержанұлы осы шараның бас демеушісі болған алматылық кәсіпкер, туған жерінің өркендеуіне үлес қосып келе жатқан Кәкен Тоқтаровқа Ақсуат ауданының әкімі Асхат Смаиловтың жолдаған құттықтау хатымен таныстырды.

Осы шарада сөз сөйлеген азаматтар Найман тайпасы, Қаракерей руынан шыққан, Ақсуат өңірінде дүниеге келген Тана мырзаның өнегелі өмір жолы, елге сіңірген еңбегі жайлы қысқаша әңгімелеп берді. Тана (Тана мырза) Тілемісұлы (1803-68) - болыс, ел билеушісі, елге абыройлы, жомарт, әрі батыл адам болғаны, Құнанбайдың замандасы, құдасы болғаны, Тана Мұрын еліне, Құнанбай тобықты еліне бір жылда (1844) болыс болып сайланғаны  айтылды. Тананың әкесі Тілеміс Байжігіт-Мұрын елінің атақты биі болған. Тана Тілемісұлы - ел ішінде Тана мырза деген атпен мәлім болып, жасынан мұсылманша сауат ашқан, ел билігіне ерте араласқан.

Тана мырза салдырған елдегі алғашқы білім ордасы «Ақ мектеп» орны әлі күнге дейін бар. Өзі билік жүргізген елде суармалы жерлерге егін ектірген, елді өнер-білімге баулып, мешіттер салдырған. 1849 жылы Көкпекті округіне ғылыми зерттеумен келген инженер А.Влангалидің, 1863 жылы К.Струве мен Г.Потаниннің экспедициясына қатысып, жолбасшы болған. Бұл жөнінде осы аталған ғалымдардың жолжазбаларында айтылады. Патша өкіметінен поручик шенін алып, Анна лентасымен марапатталған. 1868 жылы осы өңірде, Сұлутал ауылының маңында қайтыс болған. Көкпекті ауданының орталығы Көкпекті ауылында Тана мырзаның атында мешіт бар.

Патшалық Ресей билігі қазақ халқына жанашырлығы мен ұлтжандылығын байқап, 1847 жылы «Тана Тілемісов. Саяси сенімсіз» деген мінездеме берген. Қытай мен Ресейге танымал білікті билердің бірі – Тана мырза Тілемісұлы 1858 жылы Лепсі аймағының Шұбарағаш жерінде өткен орыс-қытай шекарасын бөлу жөніндегі комиссияның мүшесі болып, шекара бөлісу туралы маңызды құжатқа қол қоюшылардың бірі болғаны да айтылды.

М.Мұхамадиұлы: «Тана мырзаның дін саласындағы және ағартушылық қызметі» тақырыбында жазған мақаласында: «Тана мырза салдырған үш мешіттен басқа, халық аузында бізге жеткен саны 7. Көкпекті, Кеңтүбек, Қаражар, Ақмектеп, Ақсуат, Көкжайдақ, Құйған оның ішінде, Кеңтүбек мешіті 1848 жылы салынып, қасындағы медреселерге келушілер көбейіп, мұсылманша оқығандар орыс тілін біліп, текке желінбеу жолына түсті. Тана халқының қамқоры, ел басықарушы адам болды. Одан басқа 1850 жылы Семей облысы көлемінде жұқпалы аурулар асқынып, ел өлім құшқанда Көкпектіде дәрігерлік училищені ашуды талап етіп, жоғарыға хат жолдаған», - деп тарихи мәліметтер келтірген.

Межелі уақыт болғанда жас балуандардың көптен күткен белдесулері де басталды. Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан, қазақтың ұлттық спорттық өнерлерінің ішіндегі шоқтығы биік, халық арасына кең тараған қазақша күрес біздің бүгінгі мәдени өмірімізден берік орын алғанына спорт жанкүйерлері тағы да бір рет көз жеткізді.

Ауданымызда бұқаралық спорт саласының дамуына өздерінің зор үлесін қосып жүрген жаттықтырушылар бұл жолы да турнирдің заңды ережелерге сай, жоғары дәрежеде өтуіне кәсіби шеберліктерін жұмсады. Жарыстың бас төрешісі болған Бекбаев Қуат, төрешілер Жекенов Манарбек, Бекешов Нұржан және Зейноллаев Жақсылық күш сынасу өнеріне қатысқан жастардың әр қимылына әділ бағасын беріп, нағыз мықтыларды анықтады.

Кілемге шыққан жас балуандар қарсыласын аяқтан шалып жығу, бастан асыра лақтыру, жамбасқа алу, сондай-ақ шалқая бере кеуде арқылы лақтырып жіберу сияқты әдістерді көрсетіп, мектептегі жаттықтырушылары үйреткен амалдарды қолданып, жеңіске деген құштарлықтарын танытты.

Өз салмақ дәрежелері бойынша Мәдениет Дәулет пен Самат Ералы (Құмгөл ауылы), Шынғазы Сұлтан, Серікбекулы Береке және Амангелді Еламан (Ақсуат ауылы), Қайратбек Бақдәулет, Қарлыбек Арнұр және Бауыржанұлы Алихан (Қарғыба ауылы) бірінші орынды жеңіп алды.  38 кг. салмақта кыздар арасында болған бәсекеде қарсыластарының бәрін жеңген Сайлау Фатима (Тана мырза ауылы) жарыс жеңімпазы атанды.

Ауыл жастары арасында болған белдесулерде Әлібеков Элдар «Түйе балуан» деп танылды. Жеңімпаздарға кубоктар мен медальдар, ақшадай-заттай бағалы сыйлықтар тапсырылды. Ақаш аталары жас балуандарға батасын берді. «Тана мырза тағылымы» қоғамдық қоры құрылтайшыларының бірі Сабира Айтмұхамбетова мен Зәуреш Олжаева жас балуандарды шашу шашып қарсы алды.

Тана мырза атындағы мекеп ұжымы осы дүбірлі жарыстың есте қаларлықтай мәдениетті өтуіне тыңғылықты әзірлік жасаған екен. Өнерлі оқушылар жас спортшыларды жыр шумақтарымен құттықтап, сәлем жолдады. Мектеп асханасында Айжан Байғалиева, Мақпал Шоланова, Меруерт Зияданова және Гүлнар Әсембай ыстық тағам әзірлеп, қонақтарға, жас спортшыларға мәдениетті қызмет көрсетті.

«Мектебімізде 100 оқушы білім алады. 26 мұғалім жұмыс істейді. Биыл 7 бала орта мектепті тамамдайды. Бір оқушымыз мектепті «Алтын белгімен» бітіргелі отыр. Мектебімізде осындай беделді тұлғаның атында аудандық жарыстың ұйымдастырылуы біз үшін үлкен абырой, танымдық, тәрбиелік мәні зор іс. Осы бастама алдағы уақытта да жалғаса берсе нұр үстіне нұр», -дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ержан Бөкейханұлы Искаков.

Ақсуат ауылының тұрғыны, ішкі істер қызметінің ардагері, заңгер Қанат Оразғалиев жас балуандар бәсекесінің тиісті талаптара сай ұйымдастырылғанына, төрешілердің кәсіби шеберлікпен жұмыс істеп, үлгі көрсеткеніне, жас балуандар арасында болашағынан үміт күттіретін талаптылардың көп екеніне көз жеткізгенін айтты.

-Осындай жарыстардың жиі өтуінің тәрбиелік мәні зор. Балалар күрес өнерінің әдіс-тәсілдерін бір-бірінен көріп үйренеді,-дейді Қанат Оразғалиев.

Тана мырза атындағы орта мектеп қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан, ауылда қырық бес жыл тракторшы болып жұмыс істеген, төрт ұлынан оншақты немере сүйген еңбек ардагері Қарлыбек Ахмадиев жас балуандар белдесулерінің әсерлі өткеніне разы екенін білдірді. Жарыстың жақсы өткеніне көз жеткізген еңбек ардагерлері Бауыржан Сіләмов, Совет Жалелбеков пен Қадылбек Әділов және басқалар осы шараны ұйымдастыруға білек сыбана араласып жүрген Қайсар Сейітқасымовқа алғыс сезімдерін білдірді.

Балуандар жарысын ұйымдастыруға Ақсуат колледжінің директоры Қайырбаев Қайрат та демеуші болып, ақшадай-заттай үлес қосқан екен. Жарыс өтіп жатқанда әлеуметтік желі арқылы жылы лебіз білдіріп жатқандар да коп.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив