Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Айдарбек Сапаров: бүгінде елімізде 1,5 млн га жерге егін егілді

10-05-2024, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Үкіметінің отырысы барысында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров көктемгі егіс жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, көктемгі дала жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу мәселелері ерекше бақылауға алынған. Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша биыл жалпы егіс алаңы 23,8 млн гектарды құрайды.

«Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бидайдың егістік алаңдары өткен жылмен салыстырғанда 426 мың гектарға қысқарып, 13,3 млн гектарды құрайды», — деді А. Сапаров.

Сонымен қатар, оның айтуынша, майлы дақылдар алаңын 373 мың гектарға және азықтық дақылдарды 66 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда.

Тапсырма шеңберінде, суды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, мақта алаңдарын 16 мың гектарға, күрішті 12 мың гектарға қысқарту көзделген.

«Бүгінгі таңда еліміздің кейбір өңірлерінде егіс жұмыстары жүргізілуде, 1,5 млн га егілді. Ал жаппай егіс науқаны осы жылдың мамыр айының екінші онкүндігінде басталады», — деді А. Сапаров. 

Оның айтуынша, көктемгі егіс жұмыстары кезінде ауа райының қолайлы болуы маңызды мәселе болып табылады. «Қазгидромет» болжамдық деректеріне сәйкес, республиканың басым бөлігінде ылғал қоры оңтайлы. Сондай-ақ фермерлер ылғалды сақтау жұмыстарын жүргізуде.

Биылғы 29 сәуірде, аталған мәселелер Министрлік жанында өткен дөңгелек үстелде салалық одақтардың, ғылымның, Қазгидрометтің және облыс әкімдіктерінің қатысуымен талқыланды. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша шаруаларға ауа райын ескере отырып, егудің оңтайлы мерзімдері бойынша ұсыныстар жеткізілді. Сонымен қатар министрдің айтуынша, әкімдіктердің деректері бойынша, бүгінгі күні қажетті 2,4 млн тонна тұқымның 99%-і бар. Қалған көлем Азық-түлік корпорациясының резерві есебінен қамтамасыз етіледі.

Бүгінгі таңда тұқымдарды ауамен қыздыру және дәрілеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Дала жұмыстарын сәтті жүргізудің негізгі факторларының бірі – минералды тыңайтқыштарды қолдану. Бұл бағытта, министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, осы жылға арналған жоспар 1,5 млн тоннаны құрайды, оның ішінде 900 мың тоннасы отандық зауыттардың өніміне тиесілі.

Жалпы, бүгінгі таңда шаруаларға 453 мың тонна тыңайтқыш тиеп-жөнелтілді, бұл 2024 жылға арналған жоспардың 30%-ын құрайды. Аталған бағыттағы жұмыс тек Қызылорда облысында ғана толық аяқталды. Қалған әкімдіктерге жұмысты жеделдету қажет. 

Сонымен қатар тыңайтқыш өндірушілермен бөліп төлеу мәселесі пысықталды. Әкімдіктер зауыттармен барлық мәселелерді тікелей пысықтап, шаруалармен тиісті жұмыстар жүргізуі керек.

Сондай-ақ Айдарбек Сапаров Өнеркәсіп министрлігіне ішкі нарықты қажетті көлемде тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды және осыдан кейін ғана экспортқа жөнелтуді тапсыруды сұрады. 

Егінді сақтау үшін егістіктерді химиялық өңдеуді уақытылы жүргізу қажет. Осы мақсаттар үшін мемлекет пестицидтердің құнын 50% мөлшерінде субсидиялау түрінде қолдау көрсетеді, бұл қолайлы фитосанитариялық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар министр бұқаралық ақпарат құралдарында жиі кездесетін – ерекше қауіпті класқа жатпайтын түрлі зиянкестердің таралу ошақтарының пайда болу мәселесіне тоқталып өтті. Бұған мысал ретінде рапс жапырақ қоңызының ошағын айтуға болады. Мұндай зиянкестер бойынша күресті ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өздері жүргізуі тиіс, бұл ретте препараттар субсидиялауға жатады. Осындай жағдайларда жергілікті атқарушы органдар түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуі қажет.

Бұдан басқа, шегірткелермен күресуге де ерекше назар аудару керек.

«2023 жылғы маусымда шегірткелердің таралу аумағының үлкен болуына байланысты, биыл 2,5 млн га алаңда химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда», — деді А. Сапаров. 

Оның айтуынша, ең көбі Ақтөбе облысында – 784 мың гектар, Қостанай облысында – 775 мың гектар және Түркістан облысында – 272 мың гектар алаңда таралады деп күтілуде.

Министрдің айтуынша, өңдеуді жүргізуге арналған барлық қажетті ресурстар бар. Биыл үйірлі шегірткелермен күресуге республикалық бюджеттен 8,1 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта шегірткелермен күресу үшін пестицидтер қоры уақытылы сатып алынды. Сонымен қатар шекара маңындағы аумақтардағы шегірткелер бойынша жағдай үнемі қадағаланып отырады.

«Өткен жылғы жағдайды болдырмау мақсатында, әкімдіктер шегірткелерге қарсы күрес мәселелеріне өте мұқият және жауапкершілікпен қарауы керек», — деді А. Сапаров. 

Министр егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 150 мың трактор, шамамен 5 мың бірлік жоғары өнімді егіс кешені, 76 мың сепкіш, 219 мың топырақ өңдеу құралы бар екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда өңірлердің ақпараты бойынша техниканың дайындығы шамамен 98%-ды құрайды, жаппай егіс жұмыстарының басталуына қарай бұл техника 100% дайын болуы керек», — деді ауыл шаруашылығы министрі. 

Оның айтуынша, шаруаларды жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз ету мақсатында бағасы литріне 250 теңгемен 376 мың тонна бөлінді, бұл нарықтық бағадан 15%-ға арзан. 

Алайда, жергілікті жерлерде тиеп-жөнелту жұмысы өте баяу жүргізілуде, бүгінгі таңда 194 мың тонна жөнелтілді. Осыған байланысты, облыс әкімдіктері қысқа мерзімде жанар-жағармайды кестеге сәйкес жөнелтуді қамтамасыз етуі қажет.

Тағы бір маңызды мәселе — егіс жұмыстарын қаржыландыру. Премьер-Министрдің тапсырмаларына сәйкес, бюджетте көзделген қалған қаражатты аудару есебінен де, қосымша қаражат бөлу есебінен де көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мәселелері шешілді.

«Жалпы, биыл көктемгі дала жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыру 580 млрд теңгені құрайды, оның 400 млрд теңгесі қаржы институттарын тікелей субсидиялау тетігі бойынша жылдық таза 5%-бен шаруаларға несие ретінде берілетін қаражат», — деді Айдарбек Сапаров.

Министр Қаржы министрлігіне жоғарыда аталған субсидияларға Үкімет резервінен 60 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу мәселесін жеделдетуді тапсыруды сұрады.

«Көктемгі науқанды өткізудің барлық мәселелері ерекше бақылауда. Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша, жаппай егіс науқаны кезеңінде жергілікті жерлерде жұмыстарды үйлестіру үшін министрліктің қызметкерлері өңірлерге барады. Тиісті график жасалды», — деді А. Сапаров.

Сонымен қатар барлық проблемалық мәселелер барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, Министрліктің жедел штабының отырыстарында қаралады және шешіледі.

«Қабылданған шаралар егіс науқанын сапалы әрі оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізуге мүмкіндік береді», — деп түйіндеді А. Сапаров.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив